09.09.2022
  96


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Өзіңе ғана

1
Ұшқыр қиял әлдилеп,
Көрдім-ау сені... үлгердім...
Қалатын елтіп,
жан билеп,
Лебізіңе ділгірмін.
Махаббат отын тұтатып,
Қауызын ашар бір гүлдің.
Жаным-ау, бұрыл,
тіл қатып,
Сөзіңе жылы ділгірмін.
Асыға тарттым арманға,
Армандап өтер дүлдүлмін...
Сүйерім сенсің жалғанда,
Өзіңе ғана ділгірмін.


2
Асыға тарттым арманға;
Артымда – еңку, бел – алдым.
Бақытым жақын қалған ба,
Иісі-ай, шіркін, көгалдың?!
Алқынып өрлеп келемін,
Құшағын маған жайып көк,
Арманым мынау дегенім
Сағымдай жылдам ғайып боп.


3
Күтем сені,
Сені күтем;
Арыма кір жуытпаспын.
Алыста біздің мекен,
Сонда сені ұмытпаспын.
Хат арқылы өбейін де,
Қағаз болып құшақтайын.
Сүймесең,
Жас төгейін де,
Өзімді-өзім... пышақтайын





Пікір жазу