meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  09.09.2022
  152


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Отыздың үші

1
Отыздың үші – бүгінгі жасың,
Найзағай ойнар сібірлі жасын.
Сырыңды бермей сылдырап жүріп,
Шыныңды қалай ұғындырасың?!
Жымиып күлсең, жылындырасың,
Қабақты түйсең, суындырасың.
Шарадай болған шақшадай басым –
Апарып қайда ұрындырасың?!
Дүлдүл тұлпарды құлын қыласың,
Бұлбұл іңкәрді шұғыл бұрасың.
Өткір жанарың түйіссе болды:
Бойыма біткен жынымды ұрасың.
Ән етсең сөздің түбін қуасың,
Мөлдір сезімді шымыр қыласың.
Ой тереңіне жылымдай батып,
Тозған жүйкемді жұлындырасың.
Аңсар көңілмен жуындырасың,
Дел-сал пейілмен жұмылдырасың.
Ынтық қалпыммен ақ гүл ұсынған
Қашан, жарқыным, тілімді ұғасың?!


2
Отыздың үші – машықты шағың,
Толысып бейнең, асыпты сәнің.
Ауылыңа жолым түспей-ақ қойды,
Бауырыма қашан басып құшамын?!
Алқызыл арай шашыпты сағым,
Балбырап тұрған ашытқы шағың.
Тәбетім кетер дейтін кез емес,
Дәметіп өтер ашық құшағым.
Отыздың үші – танысқан кезім,
Отыздың үші – табысқан кезім.
Отыздың үші – ішіме сыймай,
Ақырып жатыр арыстан төзім.
Отыздың үші – нелер гүл өзен,
Отыздың үші – кемелді кезең.
Отыздың үші – шарықтап шыңға,
Отыздың үші – тереңді кезем.
Қосыла берсін жасыңа жасың,
Көктемгі судай тасып ағасың.
Қызынған өлең сыр жасырмайды,
Қызыл сөз сыртқа шашырамасын.





Пікір жазу