09.09.2022
  123


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Біз екеуіміз

Біз екеуіміз – тәулікпіз: бір күн, бір түн
Алма-кезек ауысқан дүркін-дүркін.
Ашу жеңіп булыққан шақтарымда
Жадыратқан жанымды сылқым күлкің.
Біз екеуіміз – тәулікпіз: ақ пен қара,
Өмір сүрген жұптасып тақ пен дара.
Өзімізден өзгеге айтпағанды
Өлең жазып сақтаған дәптер ғана.
Біз екеуіміз – тәулікпіз: Ай және Күн,
Сергітеді бойымды майда лебің.
Көркейтеміз екеуіміз туған жерді,
Көгертеміз даңқыңды, қайран елім!
Біз екеуіміз – бір жұппыз: ашу, сабыр,
Жанарымыз назданып жасырса нұр,
Қуаныш пен шаттыққа бөленеміз,
Тозаңданып, бас жарып ашылса гүл.
Біз екеуіміз – бір жұппыз: тең – теңімен,
Шыға келген қазақи ертегіден.
Шағын бөлме базардай абыр-сабыр,
Шеттерінен өздері ерке кілең.
Екі жарты бір бүтін – біз екеуіміз,
Бүтіндікті қорғаймыз, күз етерміз.
Жақсылыққа талпынып тарттық алға,
Жол-жөнекей мін болса, түзетерміз.





Пікір жазу