Нарық және мұғалім
Сом білектер бұлшық ет күшін көрген,
От ауыздар алатын тісін керген
Мүшесіндей қоғамның ең төменгі
Мұғалімге қарайды мүсіркеумен.
Бөлектеніп жүргендер таянышпен,
Қоректеніп жүргендер баялышпен
Көшедегі ең соңғы бейшарадай
Мұғалімге қарайды аянышпен.
Ұмыт болып кеткеннің көбі есінен,
Бар-ау жандар ақылы аз,
өресі кем.
Небір дүние қоңыздар маңғазданып,
Мұғалімнің қарайды төбесінен.
Ырғағындай бұзылған домбыраның
Қазір қоғам пікірі болды мәлім.
...Сондықтан ба, кім білсін,
мектептерден
Бара жатыр азайып ер мұғалім.
Заман лебі қатыгез ысқырады,
Қай жартасқа соқтырар іс тұрағы.
Аласапыран кезеңде нарық кіріп,
Мұғалімге салмақтың түсті бәрі.
Себебі мен салдар жоқ сап етерге,
Құйын соғып өткендей мәпет елге.
Ұстаздарға түсірген сол салмақты
Қыз-келіншек көтеріп әкетер ме?!
Сол салмақты нәзіктің жаны ұғады,
Шәкірттерін уайымдап қамығады.
Сабақ, сабақ, сабақ деп...
ұйқы көрмей,
Ойланумен атырған таңын әлі.
Ойлайтыны –
балғындар – көп арысы,
Тәрбиелеу, оқыту – қоғам ісі.
Шәкірт қамын,
пән жайын ойланумен,
Өтіп жатыр үзіліс, демалысы.
Жас шағында көрінсе бәрі мәңгі,
Жадау тұрмыс ажарын,
әрін алды.
Сабақ беріп сонда да алаламай,
Бір сезіммен баурайды бар ұланды.
Алдын ала сезер ме білгір көңіл,
Белгісіз бе болашақ – күңгірт өмір?!
...Естен кетпес,
оқудың сапасы емес,
Тоқырауда тойғаның кілгірте бір.
Азайғандай дәл қазір намыс, бедел,
Тозды табан таусылып қарыс бедер.
Жаңаша ойлау жүйесі ағытқандай
Келер күннен лықси ма ағыс кемел?!
Қымбатшылық ұйтқытып желін бетер,
Түгесіліп бітер ме демім бекер?!
Туар ма екен жақсы күн жайраң қағып
Мұғалімнің жұмысын жеңілдетер?!
Жадау үйде түйір жоқ тіс басатын,
Жалаңқая жоқшылық ұштасатын.
Туар ма екен жақсы күн жайраң қағып
Мұғалімнің арманы іске асатын.
Пейіш заман ұстазға ұдайы орнап,
Тез жетер ме кең заман құдай оңдап?!
Аман өтсек өткінші аралықтан,
Келе жатыр алғы күн не дайындап?!
Аман-есен тұрғанда халық – шынар,
Бір жақсылық болуы анық шығар.
Сабыр түбі – сары алтын,
шыдамдылық
Тұңғиықтан жол тауып алып шығар.