Ұстаз туралы жыр
1
Шаттық билеп,
бұлқынады ой-сезім,
Тыңдағанда мерекелі той сөзін.
Қиял қайда апармайды ұстазды,
Галактика кеңістігі бой созым?!
Өзім – жерде,
ойым кеткен аспандап,
Асып-тасып төгілердей бастан бақ.
Басталады қарапайым мектептен
Ғарышқа да ұшыратын баспалдақ.
Сапар ізі аттанғанда мектептен,
Жолға шығар шәкірттерім көп неткен!
Бабамыздан қалған екен аманат:
“Ұрпағыңды дұрыс оқыт!” – деп кеткен.
Жаңа мәнмен естілгендей сол ұран,
Білім қуып тау мен тасқа соғылам.
Жақсы оқушы – ұстазының бақыты;
Оқымаса, мұғалімнің сорынан.
Жанға жақын ұнайтыны – жайлысы,
Жақсы болса, қуанбайтын қай кісі?!
Есті тентек – ұстазына қуаныш,
Есер тентек – мұғалімнің қайғысы.
Білім қуу – мәселенің түйіні,
Тәрбиелеу – қиындардың қиыны.
Үздік бала – ұстазына абырой,
Бұзық бала – ұстазының күйігі.
Мұғалімнің миы – қойма, басы – бақ,
Шәкіртіне жыр себеді шашырап...
...Әр тентектің салып кеткен таңбасы –
Қаптап кетсе қара көмір шашын ақ.
Тәрбиенің иірімі мол ырғақ,
Аспай-таспай білім берер қоңырлап.
...Ұстаздықты мұрат тұтып келемін,
Бабамыздың өсиетін орындап.
2
Ұстазды дәріптесе,
дәріптесін;
Іребдел үзеңгілес әріптесім.
Жүйкесін жеп жүріп-ақ үйретеді
Тылсымның тұрмыс-тағдыр әліппесін.
Көңілі жаралғандай күн көзінен,
Намысы шарболаттай сым тезінен,
Кеңейген парасаттың көкжиегі
Білімнің анализ бен синтезінен.
Жас ұрпақ үшін ылғи мейірленер,
Кеш қалып өз бақыты кейін келер.
Жас ұрпақ үшін жанын пида қылып,
Ең соңғы минутына дейін берер.
Ұстаздың жаны жайсаң, көгал мүсін,
Елінің еншілеген мол алғысын.
Мезгілін қалт жібермей,
баптап жүріп,
Қапысыз ұшырады сонар құсын.
Баланың қасиетін танып бастан,
Білімге үйретеді жалықпастан.
Ұстазы бір арнаға түсірмесе,
Әрқайда бала көңіл алып қашқан.
Өнерге тым ынталы,
өте құмар
Шәкірттің тауқыметін көтеріп ал.
Бала да ұстазына арқаланып,
Ізденіп өмір бойы өтері бар.
Шәкірттің жауап іздеп сұрағына,
Білімнің сусындатып бұлағына,
Ұмтылған келер күнге жас ұрпақты
Талаптың шомылдырып шуағына,
Талпынар ұстаз алға,
сірә, тынбай,
Тамаша дастан жазған ірі ақындай.
...Түріліп қараңғылық жарқыраса,
Бір шырақ жол көрсетіп тұратындай.