09.09.2022
  100


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Шәкірт сөзі

1. Апайға
Сахариева Қатираға
Түсінбейміз кейде көп жайды,
Түсінбейтініміз – мәйек тоқ.
Реттеп барлық жағдайды,
Жүгіріп жүр апай бәйек боп.
Әні де сынып үстінде
Жаны да сынып үстінде
Апайдай ұстаз болсам мен,
Шыдай алар ма едім үш күнге?!
Әңгімемді осы айтайын,
Құпиясы жоқ – қиын сыр.
Соңғы бір кезде, байқаймын,
Сыныпымыз тіпті ұйымшыл.
Сыныптың намысын қорғасақ,
Кетпейді-ау еңбек бекердей.
Ылғи біз озық болмасақ,
Апайымыз озып кетердей.
Тәрбие берген асауға,
Еңбегіңді жүрген кім ұқпай?!
Жүреміз қайда, қашан да
Қадіріңді, апай, ұмытпай!
2. Ағайға
Әміренов Зарқұмға
Азбыз ба оқушы,
көппіз бе,
Бас шұлғи берер шөппіз бе?!
Абайлай білген айтарын
Ағайдай ұстаз жоқ бізде.
Тыңдайтын бір сәт әңгіме,
Шырқайтын бір сәт әнді де.
Ағайдай ұстаз бар, міне,
Шықпайтын естен мәңгіге.
Жарқылдап қарсы ап,
мініңді.
Көрсе де көрмес, байқамай.
Болсақ та үлгі бүгінгі
Өтті ғой бастан жай талай.
Айтқызбай сезген ісіңнен
Жаманың ба,
жақсың ба?!
Қаншама бұрын түсінген,
Қандайлық үйге тапсырма!
Сөйлемейді ағай ойқастап,
Айтарын кесіп,
бір айтар.
Әрқашан бізге ой тастап,
Күлдірер, кейде мұңайтар.
Аз сөйлеп,
бізді көп тыңдап,
Отырады біраз сынықтау.
Ағайдан күй боп жетті ырғақ,
Арманына келдік жуықтау.
Білмейді ағай ұрсуды
Түсіндірер бәрін ақыл ғып.
Жоғалды үрей – бір шындық,
Тамырланып өсіп батылдық.
Маңдайға сызып сан қатпар,
Мезгілден озып жорта алға.
Шаштағы сансыз аппақ тал –
Біздерден қалған қолтаңба.
Түседі миға көп салмақ,
Көтеріп ағай кілең жүк.
Бармасын бізден оқшаулап,
Қалмасын ағай ренжіп.
Бұрауға көніп шіліктей,
Сынауға көнбей толыстық.
...Тең көрдің қатар жігіттей,
Бәрінен, ағай, сол ыстық!





Пікір жазу