![](/uploads/shorttexts/author_image/1501128244-t-r-kopiya-kz.jpg)
Элегия
Досым Әмірхан Өсерханұлына
1
Бала деп өбектеген жан-жүйесі,
Ол – ұстаз. Ол – тәлімгер. Тәрбиеші.
Ұстаздың алдын көріп білім алған
Ғылымның небір жайсаң әулиесі.
Бала деп бүршік жарған қайта арманы,
Ұстаздың аз ба, көп пе айта алғаны?!
Ұстаздың алдын көріп ән шырқаған,
Өнердің небір шебер майталманы.
Мен сені көруші едім сол биіктен,
Шалт еді алғырлығың ор киіктен.
Ұстаздың адамшылық қасиеті
Мәңгілік қатып қалған тоңды иіткен.
Алдыңа келуші еді ақыл сұрап,
Жатсырап кеткендер де жақынсырап.
Мақтауын жеткізуші ең шәкіртіңнің
Кезінде кемшілігін батыл сынап.
Қуанам, сен туралы көбейсін жыр,
Қалайша сағынышты бөгейсің жыл?!
...Өзіңнен ақыл-кеңес тыңдайтындар
Өзгені ұстаз көрмей өгейсіп жүр.
2
Екі жас қана менен үлкен едің,
Жайғасқан қапталына бір кеменің.
Ысылған балалық шақ қалып қойды
Соңында соғыс деген тіркеменің.
Түрленіп жүре берді бозбала шақ,
Гүлденіп қайта жайнап тозған ошақ
Тағы да салқын тартып кетердей боп,
Егер де біздер лаулап маздамасақ.
Өткенді еске аламын ойлап тағы,
Кейінге қарайлатпай той қаптады.
Жамаулы шоқпыт кезең ұмыт болып,
Саусақта білінбестей оймақ табы.
Доп қуып домалатқан тағдыр қандай,
Кез өтті құрғақшылық, жаңбыр болмай.
Түбінде бәйге атынан тұлпар озар,
Озады қатарынан алғыр маңдай.
Деген сөз жастайымнан ұмыт болмай,
Ұмтылған биіктерге үміт қандай!
Талпынып кеп қалып ек біраз жерге,
Ұйлығып бір орында тұрып қалмай.
Қашанда жомарт озса, беру – үлгі,
Мейрамға ұластырса шеруімді.
Айтпаңдар өзі жоқтың көзі жоқ деп,
Биыл мен атап өтем елуіңді.
3
Біте қайнап бірге өскен жасымыздан,
Не өтпеді десейші басымыздан?!
Нәресте шақ соғыстың алдын орап,
Сәби кезең тақырлап шашымыздан.
Құлын-тайдай жарысқан бала шақтың
Көре алдық па қызығын ала шапқын?!
Мынау жақсы күндерге жетіп алып,
Биігінен қарасақ парасаттың.
Есейген соң тиді ғой нендей бақыт,
Асау тұлпар үстінде желді ойнатып.
Қырау шалды әйтсе де басымызды
Дәл отызға жасымыз келмей жатып.
Қасиетің еді ғой адамшылық,
Жарасқандай өзіңе тән әншілік.
...Жақсы күнге жеткенде үзілдің-ау,
Өрт орнына өскін боп аман шығып. 4
Біте қайнап, бірге өстік бала күннен,
Сонда таптым үндестік әр әніңнен.
Сен ойнасаң,
мені де қоса ойнаттың,
Сен ойлансаң,
ойлымын, данамын мен.
Туған жердің ой-қырын кездік бірге,
Сол алтын шақ қап қойды жез түкпірде.
Бала күннен жалт қарап түсіністік,
Қажеті жоқ еді ғой сөздіктің де.
Өнерлі едің
би билеп, сырнайлатқан,
Жақпаушы еді жаныңа ыңғай мақтан.
...Жеп-жеңіл боп аттандың,
қалдым артта
Салмағыңды көтеріп мұндай батпан!
5
Жақын тұтқан ақылшымның бірі едің,
Батылдықтан аласұрып жүремін.
“Адалдықтың арын қорғап жүр едің”
Деген сөзім жетпей жатыр, білемін.
Тура бидей әділдіктің өзі едің,
Ақиқатқа араша боп өзегің.
“Кейін еді тағдыр сыйлар кезегің”
Деген сөзім жетпей жатыр, сеземін.
Қалап алған мамандығың – мұғалім.
Оқы деген баба сөзі – ұраның,
“Тоқталмайды айтам деген ұлы әнің”
Деген сөзім жетпей жатыр, ұғамын.
“Тіл табыстың үлкенмен де, кішімен,
Бөлек сыйлап достарымның ішінен,
Маған ерек мейірлене түсіп ең”
Деген сөзім жетпей жатыр, түсінем.
...Кездескенде жүз нұрланып, албырап,
Құрметтеудің жөнін таппай абдырап...
...Қабіріңе қарай бердім жаудырап,
Қарызымды өтей алмай мен бірақ