09.09.2022
  91


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Айтамын кімге..

Қалған бір шақта ұйлығып елің,
Тапқандай болған игілік емін.
Шеруші атаға мешітті сыйлап,
Мектеп ашпақ болып ширығып едің.
Орысша білмей килігіп едің,
Білім деп бағдар илігіп едің.
Өзіңді сыйлайтын Шыңғыстай жұрты
Көңілге берік түйді білгенін.
Іргесін тастан үйдіріп едің,
Балшықпен мықтап түйдіріп едің.
Оқуға сусап шөлдеген елдің
Мектепке ынтасын идіріп едің.
Қызыл қарағайдан қидырып едің,
Темірмен қызартып күйдіріп едің.
Қолдың саласындай бөренелерді
Шындығытайдан бері жидырып едің.
Түйелерді қосарлап жеткізіп едің,
Шығырықтан өлшеп өткізіп едің.
Білімге мүдделі болашақты ойлап,
Жастармен бірге соқты жүрегің.
Біліммен жетілер шүйгінім – елім,
Деп айтқан сұңғыла жүйрігім едің.
Ұрпақ біліммен жетілсін дедің де,
Қарағай мектепті сый қылып едің.
Қаншама буын оқыды мұнда,
Зерделеп, зерттеп тоқыды миға.
Білімсіз күн жоқ дегенің рас,
Білгеннің татыр ақылы мыңға.
Шығарды мектеп үйретіп бізді,
Ширатып ұлды, билетіп қызды.
Тоқсан жыл тұрған мектептің үйін
Саңылаусыздар кеп күйретіп бұзды.
Білім теңізіне зорға шығарған,
Талапты жасты қолдасын арман.
...Ескі мектеп үйін іздеп келіп едім,
Үйі жоқ... бұзған...орны осы қалған.
Тарихи шындық талассыз бүгін,
Тоқсан жыл алдық толассыз білім.
Қарағай үйді күйретіп кеткен,
Не бітірер менің тағатсыздығым?!
Ескі мектептің тербетіп әні,
Тоқтау сала алмаған мен де кінәлі.
Ат басындай алтынға айырбасталмайтын мектеп,
Білмеймін, қанша теңге тұрады?!
Ұшпайды бапсыз жырынды шабыт,
Кібіртік қақпай жырым тұсалып.
Бұзылған мектеп ортасында тұрып,
Айтамын кімге мұңымды шағып?!
Алтын ұям еді қырандар ұшпақ,
Жүретін саппен ұлан қарыштап.
Күйреген мектеп көңілді бұзып,
Әпекеңе тұрмын құран бағыштап.
Бір қалыпты ұстар мөлдір деңгейді,
Мұғалім болмаса,
ел түрленбейді...
...Әпекең салдырған киелі мектеп
Ұстаздар қиратқанына...
сенгім келмейді?!





Пікір жазу