Қасиетті ұя
Пенде болсаң,
кенде болмас ой-ақыл,
Солай, бөгде мәселені қоя тұр.
Шыңғыстайдың мектебін бір жырлайын,
Суретін сап,
көркем сөзбен боя, тіл!
Қасиетті ұя, киелі орын – бұл мектеп,
Біліміңді шәкірттерің тұр беттеп.
Жетпіс жылдық мүшелтойын орданың
Бүкіл Катонқарағай жүр құрметтеп.
Сәлем саған, алтын орда,
армысың,
Сол баяғы құт мекенде бармысың?!
Асығып-ақ жеттім жаңа арқалап
Бүкіл Катонқарағайдың алғысын.
Адам үшін жетпіс деген екінді,
Мектеп үшін жетілген шақ секілді.
Жетпіс жылдық шежіреңді барласам,
Ғұламаның тарихы бар не түрлі.
Бастауында Сұлтанмахмұт ізі бар,
Тарихыңа бүгінгі ұрпақ қызығар.
Жайсаң ақын ескерткішін орнату
Келешектің жоспарында сызылар.
Мұнда келіп ұстаз болған қанша адам,
Қиын кезде қатты қажып, шаршаған.
Соның бәрін жалғыз тілек қажытқан
Шәкіртінің қырандығын аңсаған.
Білім – мұхит, мектеп дейтін кеме бар,
Дән тереңде,
сүңгігіштер кереғар.
Жүзгіштердің нәтижесі болар бұл
Ұшқан ұя академик, генерал.
Мақсаты бар ұсыныс пен пікірден,
Шәкірт қанша бұл мектепті бітірген?!
Нүкте мәңгі қойылмайды тізімге,
Әрбір бала бөлініп тұр үтірмен.
Есімде әлі, дәл қаншама жыл бұрын
Балалықтың тастап кетіп шылбырын,
Арман қуып Шыңғыстайдан аттандық,
Биігіне жеткізер ме шың-ғылым?!
Боламын деп, толамын деп тұрған шақ,
Бәрімізден төгіледі жыр-моншақ.
Ұстаздардың шапағаты сол кезден
Бәрімізді қыдыр болып жүр қоршап.
Қарағай үй тыңдайықшы баптанбай,
Қалмады ма бір ізіміз сақталмай?!
Сықырлатып қара хром етігін,
Жөткірініп Секең келе жатқандай.
Ал мынау да білетін сыр жұрт анық,
Қасиетін көзі жоқта жүр танып,
Қызыл тонның қалтасынан жазбақ боп,
Солташ ағай бор орнына құрт алып.
Шіркін, біздің сондай тәтті ыстық шақ,
Көзімізден бұлбұл ұшты-ау түске ұқсап.
Қолда барда қадірі жоқ алтынның,
Мәз боламыз жылтырауық мысты ұтсақ.
Қазір мені билеп алған қалың ой,
Келер күннің күмбірлеген әні ғой.
Еске тұтып жүрсің деймін қай-қайсың,
Қара шаңырақта ұстаз болу – абырой.
Біздер ұшқан ұя – қара шаңырақ,
Әлі балғын: бәрі бақша, бәрі бақ.
Жетіппіз-ау жетпіс жылдық тойыңа,
Әр тараптан, әр ауданнан жамырап.
Тұрмыз қара шаңырақтың алдында,
Риза болып сыбағалы тағдырға.
Күнде бола бермес мұндай кездесу,
Әр буынның өкілдері бар мұнда.
Әр буынның өкілдері атынан
Барлығыңды ынтымаққа шақырам.
Ұстаздарға зор денсаулық тілеймін,
Шәкірттердің серігі боп батыл ән