09.09.2022
  194


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Арнау

Мектебім, мен – өзіңнің бір түлегің,
Қалайша мерекеңде іркілемін.
Әншейін өткіншідей өте шықпай,
Келеді ақ жаңбырдай сіркірегім.
Келеді көктемедей күркірегім...
Бұршақтай мына аспаннан дүркірегім...
Өлеңге түсірсем деп армандаймын
Кластас құрбылардың күлкілерін.
Ақтасам ұстаздардың ақ тілегін,
Демеушім – арман атты нақ тірегім.
Достар мен ағаларым артқан үміт,
Бәрі де жүрегімде қапты менің.
Кеудеме сол үмітті шырақ қылып,
Көңілді кеулесе де сұрақ-күдік,
Бәйгеге өзімді-өзім аттандырдым,
Сыртымнан өзімді-өзім сынап тұрып.
Жүрген жоқ су бетінде қалқып тасым,
Басыма мүмкін әлде артық та сын.
Келемін шырын сезім, шымыр оймен,
Намысшыл арманымның тартып басын.
Айтуға толар-толмас тапқан әнім,
Сондықтан жөнсіз қалай мақтанамын?!
Алпысқа, алтын ұям, толғаныңда
Мен қара жұмысыңды атқарамын.
Жақын қап той састырып тастады әбден,
Қиыны – істі аяқтау...
асқақ әнмен.
Қасқайып тұрсам деймін көп ішінде,
Мейрамды қарсы ап жүзден асқан әрмен.
Бірін айт, бәрін айт та: жаса, мектеп!
Шәкіртің бұл тойыңды асар етпек.
Әріпті әліппеден танып алып,
Жүргенде дүниені баса-көктеп.





Пікір жазу