![](/uploads/shorttexts/author_image/1501128244-t-r-kopiya-kz.jpg)
Қазандағы мәжілісқорлар
1
Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар,
Қарқылынан қара дауыл, шаң борар.
Қара түсті басқа түске саудалап,
Қаңтар келсе, бұл күніне зар болар,
Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар.
Әрекет жоқ, берекет жоқ, жиналар,
Бір ырғақпен билемейді биді олар.
Бір әуенмен шырқамайды әнді олар,
Нәтижесіз аяқталған бюролар,
Әрекет жоқ, берекет жоқ, жиналар.
Қара күзде шоғырланып топталар,
Қонған жері – қара жалын от болар.
Он бес күнге жетер-жетпес мезгілде
Тым-тырақай бытырап-ақ жоқ болар,
Қара күзде бір-ақ апта топтанар.
Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар
Қарқылынан қара дауыл, шаң борар.
Қара түсті басқа түске саудалап,
Қаңтар келсе, бұл күніне зар болар,
Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар.
2
Қаптаған қарақұрым қара қарға,
Қоштасу сәті жақын, шара бар ма?!
Құлазыр сол қаптаған қарғаны іздеп,
Қызығы бұл көңілдің тарағанда.
Кең жазық тұтасқандай қара көмір,
Күй тартып, әнге түрлі салады өңір,
Көсіліп қарғалардың той тарқары,
Кешігіп көп адамдар ала көңіл.
Қайнайды қара дауыл қаптатқандай,
Қаулайды қара жалын шақпақтан да.
...Қимылы бөлек, оқшау қозғалғандай
Қарайған топ ортада аппақ қарға.
Қарқылға етпегендей дауа-тағат,
Қоштасып табан тіреп, алақан ап.
Қарқыны дүрліктіріп ақ қарғадай,
Қарайған сауысқан ғой ала қанат.