Жаңбырлы жаз
Аңсатқанда армандап құйылған нұр,
Алаулайды десек те сыйынған гүл.
Аспан түбі тесіліп кеткендей-ақ
Ашылмастай өтті ғой биыл жаңбыр.
Ала бұлттың алдамшы күйін жалбыр,
Ашық күнге көз тіктік қиырдан бір.
Аралығын үзбеді қар түскенше,
Айықпастай кетті ғой биыл жаңбыр.
Бұйырғандай саз балшық иін қандыр,
Қар түскенше жап-жасыл түйін балдыр.
Күзгі өнімін алдырмай шаруаның,
Биыл жаңбыр болды ғой қиын жаңбыр.
Қайтер еді ашылса бір ай ғана,
Шырайланар еді ғой шыр айнала?!
Бас көтермей жаңбырдан қалған пенде
Екіұштылау сыйынды құдайға да.
Жаңбыр жаумай құдайдың күні тынбас,
Бірі тұрса ашық боп,
бірі тұрмас.
Тарихқа да кіретін шығар, бәлкім,
Көпке дейін бұл жаңбыр ұмытылмас.
Ауа райы күзде де қиын епті,
Қар аралас жаңбыр да жиілетті.
Күн қызуын сезінбей көптен бері,
Малшы менен диқанның күйі кетті.
Беті бері қарамай тағдыр жөнді
Батпақтатып кеткендей даңғыл жолды.
Тақырыбы биылғы әңгіменің –
Ала жаздай
күзі мен жаңбыр болды.
Шаруаның шайқалмай ерен жүгі,
Биігінде шырқалсын кемел жыры...
...Құдіретіне тәңірдің шет болмайық,
Тамшыға зар болмайық...
келер жылы!!!