09.09.2022
  110


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Күз суреттері

1
Күз келді күнде өзгеріп алабұртып,
Өзен де мұз қаймақшып, шала кілкіп.
Табиғат құпиясын түсініп көр,
Қалықтап бұлт та сырын қалады іркіп.
Батыста күн қызарып барады үркіп,
Түн орнап шымқай мөлдір қара кірпік.
Далада айран шелек қап қоймасын,
Мұз болып қатып қапты манағы іркіт.
Осы күз қысты көксеп сұрау салған,
Түнімен жердің бетін қырау шалған.
Дала да таң алдында күркілдейді,
Жұққан ба, бәлкім, әлгі...тұмау шалдан?!
2
Бірге отырып жақын жолдас, тату қыз,
Машинамен зырлап келе жатырмыз.
Нақ суретін – жақсы бетін көрсетіп,
Жырлап кетті суретші күз, ақын күз.
Бусанды ма, дала жатыр сарғайып,
Бұқтырмада бара жатыр сал-қайық.
Маңқияды маңғаз орман, ну орман,
Келбетінен көзді жазып қалмайық.
Күз күйімен булығады атырап,
Шалғын қурап жатыр білем қақырап.
Бір тіршілік үзілгендей жоғалды,
Су бетіне ұшып түсіп жапырақ.
Бұрынғыдай мейірлі емес күн шақар,
Тау басынан төмен жылжып сұрша қар.
Туған жерге жасағанда саяхат,
Сезінгенім... аз білгенім бір сапар.





Пікір жазу