Қош, Алматы!
Студенттік дәурендегі досым, ойылдық Ерсайын Бижановқа
Қоштасып көшесімен астананың,
Қалдырып жанға жайлы асқақ әнін.
Қайқайып ауылыма кетіп барам,
Қуат ап арманымнан жас талабым.
Қоштаса мөлтек фонтан жылап тұрып,
Арықтан жалт береді бұлақ күліп,
Болған жоқ бес жыл деген
бір күнгідей,
Отырмын аттанғанда бір-ақ біліп.
Желкілдеп гүлдер басын ырғайды кеп,
Достарым ақ пейілін сыйлайды кеп,
Жанымның тереңіне сыр тұндырған
Бұрылды-ау абат баққа қимай жүрек.
Сағымдай өткен күндер қашты күліп,
Қарайды, қыл аяғы,
тас құбылып.
Шынымен астанамды қимайды екем:
Көзіме келіп қалды жас тығылып.
Алматым!
Ұмытам ба кең көшеңді
Назданған сазды кеште мен кешегі.
Қимаймын студенттік күндерімді
сол шағым ыстық еді,
өзгеше еді!
Алматым!
Сәулеттеніп көркейе бер!
Жиналып жатыр саған өңкей өнер.
Бітіріп бір студент кетті ауылға,
тілегін қабыл алып
еңкейе гөр!
Қоштастым көшесімен астананың,
Қалдырдым жанға жайлы асқақ әнін.
Қол бұлғап үйеңкі-тал сыбырлайды,
Сыры бар
кәріге аян, жасқа мәлім.