Қалайша Қатын қойған
Қызығып жасағандай батыл байлам,
Үзіліп түспей тұрып ақыл бойдан,
Білейін, қандай ғана себеппенен
Есімін бұл өзеннің Қатын қойған?
Ертеде Қатын деген хан болды ма,
Үкілі өнерпазға ән қонды ма?!
Есте жоқ ескі заман тұлғалысын
Кетті ме ұмыттырып жалған мына?!
Жоталы тау қыраты тақыр белең,
Өзеннің қосақтаған атын немен?!
Берген бе бөтен ұғым біз түсінбес
Бұл сөздің түп төркіні Қатын деген?!
Сұлу ма айналасы бәрі бекем,
От тілді, орақ ауыз кәрі ме екен?!
Қатын деп кім қойғанын еш дерексіз
Қалайша көпшілікке мәлім етем?!
Шығыстың бозарғанда бұла таңы,
Қатын деп алғаш рет кім атады?!
Тау болсын, тулап аққан өзен болсын,
Әсілі, әдемі атты ұнатады.
Суында ойнайды кеп балық ұшып,
Есімін қалай қойған жаңылысып?!
Ел көзін қарықтырған ақ балықтар
Шолпиды күн нұрына шағылысып.
Жол емес жастық шақтың ойын хаты,
Жарысса жүйрік көңіл, бейіл қапы.
Аруды қыз-бойжеткен әлпештесек,
Ал Қатын – келіншектің кейінгі аты.
Қыз деген – бастаудайын жыр қайнары,
Бойжеткен – бұлақ болып ұлғайғаны.
Келіншек сыпайылық жасап ақса,
Өзенге айналғаны – тың майданы.
Түсінбей арғы тегін қапаланып,
Бір сөзді қуғандаймыз бақан алып.
Алтайдың ақ сілемін тіліп түсіп,
Қатын мен Бие жатыр қатар ағып.