09.09.2022
  186


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Төр Алтай

Төр Алтай – Азияның кіндік тұсы,
Жарқырап көрінетін шындық түсі.
Әлемнің жұмағындай тау туралы,
Жазылар әлі талай жыр мықтысы.
Төр Алтай – Азияның емізігі,
Мұзтаудың кіндік болар негізі ірі.
Зайсан мен Өскеменді жалғастырған
Жасанды қоңыраулы теңіз үні.
Марқакөл – мөлдіреген тана көзі,
Бұқтырма – ойнақ салған бала кезі.
Аңсағай ағаш тектес адамдары,
Самғайтын қиырларға қанат өзі.
Мұзтаудан көтерілсе серпіліп күн,
Сарғайып кеткендердің дертін ұқтым.
Төр Алтай – бес мың жылдан бермен қарай
Отаны ғұн менен сақ, ер түріктің.
Төр Алтай – ер түріктің шыққан жері,
Әрқашан оңғарылар құтпан желі.
Көктемге дейін қорек қоңыр күзден,
Құнары балқарағай тұтқан жемі.
Құздардан сағым ойнар көбелекше,
Көрейік сұлулықты төмен екше.
Болған соң қазағымның шыққан жері,
Алтайды әлпештеудің жөні ерекше.
Қолында тұрғандайын бар құзырет,
Алдыңнан қарсы алар ма қар қызы кеп?!
Айтқаның бекер болар қазақпын деп,
Көрмесең Алтайыңды жалғыз рет.
Орманы жаратылған сыңсып қашан,
Түгінен ажырар ма қылшықтасаң?!
Ғұндардың ұрпағымын деуің бекер,
Мұзтаудың төбесіне бір шықпасаң.
Қонысын таудан таңдай білген көсем,
Жемісін дәрі қылып жүрген бе есен?!
Сақтардың ұрпағымын дей алмайсың,
Алтайды тірі жүріп бір көрмесең.
Түнімен тау үстінде жұлдыз кешем,
Шығады сол алдымнан кімді іздесем?!
Скифтің ұрпағымын деу де бекер,
Марқаның айдынына бір жүзбесең.
Жеткізер ақырына өмір қашан,
Пейіл тоқ, болғаны ма көңіл масаң?!
Қазақпын деуің бекер, бір рет кеп
Суына Арасанның шомылмасаң.
Туған жер – туған жер ме тіл тістесең,
Шындықты айтасың-ау шын күштесең.
Алтайды Отаным деп айту қиын,
Пантының моншасына бір түспесең.
Туған жер – алтынтамыр дерт демес ең,
Жазады маралтамыр сертпен есен.
Алтайды Отаным деп айтармысың,
Толассыз ой шұңғылын зерттемесең.
Басында қолшатыры орман-көрік,
Қасында жанторсығы саулар көбік,
Тәу етіп маңдайымды тигізуге
Алтайдың әр жартасы арман болып.
Төр Алтай – мекенжайы бар қазақтың,
Көтерген қиындығын арлы азаптың.
Жеріме тәуелсіздік келіп жатты,
Он жылдан бері қарай мәңгі азатпын.
Осы тау – менің тауым, сенің тауың,
Байырқап жаз жайлауда сонырқауым.
Төрт елдің еншісіне бөлініп тұр
Алтай деп аталатын шоғыр тауым.
Жас болсаң жарасады жалындауың,
Қарт болсаң парасатты, мәлім дауың.
Айтқаның рас болса қазақпын деп,
Алтайды мүмкін емес сағынбауың.
Айтсақ та қайда, қанша мөлшер десіп,
Адамдық қасиетке өлшем бесік.
Дайын тұр құшақ жайған бауырластар,
Бар қазақ, Отаныңа келсең көшіп.
Төр Алтай қазағымның жұмақ тауы,
Шақырған ағайынды жырақтағы,
Күйініп сағыныштың жылатқаны,
Сүйініп дәруіштің жұбатқаны.
Төр Алтай қонған бақыт маңдайдағы,
Құмартқан ағайындар шалғайдағы.
Қонақжай халқымыздан айналсақшы,
Тұрғыны Алтай тектес таудай бәрі.
Төр Алтай – Азияның кіндік тұсы,
Жарқырап көрінетін шындық түсі.
Әлемнің жұмағындай тау туралы,
Жазылар әлі талай жыр мықтысы





Пікір жазу