09.09.2022
  156


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Алтай

1
Алтайдың тауында өстім, тасында ойнап,
Салып ем шыңдарының басында ойнақ.
Төсінде бұлт ілінсе кетері бар
Құздардың аш денесін жасын бойлап.
Туған жер – шын ғашығым, нақ сүйерім,
Мен сенің азаматың – ақсүйегің.
Өзіңді жырға қосып ән шырқаймын
Қалғанша қашан түсіп жақ сүйегім.
Қанатты шабыт – Пырақ бір болатын,
Парнасым – Алтай болар жыр қонатын.
Сауығым сарқылмайды осы арада,
Жайым жоқ қызығыңнан құр қалатын.


2
Алтайым, бала кезден арманым ең,
Көп кездім таудың қайнар аңғарымен.
Анамдай емізіп ең бұлт емшегін,
Бойымда қуат содан қалған үнем.
Көңіліңе, анам, қаяу түсірмеспін,
Мәңгілік бұзылмасын мүсін, кескін.
Өзіңді алдамаспын, сенен басқа
Туралап сынай алмас ісімді ешкім.
Сен маған сүйеу болдың жанашырдай,
Жаныма тіреу болған ағашымдай.
Қаншама тайраңдасам, сыр бермейсің,
Көтердің еркелікті нағашымдай.
Ұлым деп мәпеледің Анашымдай,
Қол соғып қолдағандай дала шулай.
Мен сенен жылу алам таралатын,
Жаныңда жүргендердің бағы ашылмай.
Біреуге ән үйретем ол білмеген,
Бұл әннің пендесі жоқ көндірмеген.
Сөз орнын тауып айтар таңдай болса,
Дәл бүгін сөз берер ем зор мінбеден.
О, Алтай, бақыт үшін жаралып па ең?!
Жайылды атағың да таралып кең.
Халыққа ана болып келеді Алтай,
Қарыздар ана алдында бала біткен.


3
Өрлеп келем Алтайға асқар ала,
Сонау тарғыл шықсам деп тасқа ғана.
Орта жолда ылдиға домаласам,
Анық сонда қалдым ғой масқараға.
Ұмтыламын жанымды намыс буып,
Мазақтаған сияқты алыс бір бұлт.
Білінеді ызғар да жоғарыдан,
Өршеленіп желі де тағы ысқырып.
Сенің осы,
Төр Алтай,
Ұлық тұлғаң,
Ыстыққа да суыққа шынықтырған.
Шумағыңдай өлеңнің тізілген тас,
Мені, тегі, жыр-әнге жуық қылған.
Көріп шыңның құпия сырбаз тасын,
Өлең сүйген жүрегім бір маздасын.
Абзал арман биікке жетелесе,
Ақын ұлың қалайша жыр жазбасын.
4
О, Алтай!
Ұқпағанға тым биіксің,
Жаныма жыр құйыпсың, нұр құйыпсың.
Білгенге көне тарих, шежіресің,
Білмеске сыр бермейтін тұңғиықсың.
Толас жоқ, орман тұнған құстар үні,
Әкелген кеңістіктен тысқарыны.
Алтайды тамашалап құмар қанбай,
Өмірдің білінбейді қысқалығы.





Пікір жазу