Ауылымды “Таңба” дейді, “Еңбек” дейді...
Ауылымды “Таңба” дейді, “Еңбек” дейді,
Осынау алып жатқан кең беткейді.
Басқаның талғамында жұмысым жоқ,
Мен үшін бұл араға жер жетпейді.
Мен үшін аңыз – Еңбек, өлең – Еңбек,
Қашанда осы ауылға бөгелем кеп.
Осы ара дүниеге келген жерім,
Атымды қойған мұнда Төлеген деп.
Төбемде жарқыраған күнім ашық,
Өмірге көкірегімді бұрып ашып.
Жаныма өлең құйып әлдилеген,
Ауылдың ортасында тұр лашық.
Қайтейін сырын айтып баспананың,
Жүргенде жолаушылап жас талабым.
Біреудің айтылмаған жыры болып,
Біреуге өлең болып басталамын.
Баспана тілемеймін, тас-темірден,
Қатайып буын бекіп, өскен іргем.
Қайда да ақ пейілмен сыйып жүрмін,
Тағдырлас, тату-құрдас, дос көңілмен.
Тигенде үлесіме талап таудай,
Биікке ұмтылайын қарап қалмай.
Өңім мен түсімде де жарқылдайды,
Болашақ саф алтынмен жалатқандай.
Домалап тасым кетер өрге менің,
Тағдырдың тартып сүйреп дөңгелегін.
Кешегі кеткен қатем шықса алдымнан,
Нұр жағып бүгінгіше өңдер едім.
Өткендей қаншама күн, қаншама түн,
Кеткендей жым-жылас боп әр сағатым.
Өткеннің өкінішін сездірмей-ақ,
Әдетім бүгінгімді қарсы алатын.
Заманның түзетермін есін немен,
Ақындық тұсауым бар кесілмеген.
Жүзінде ойнап тұрған ұстараның
Жұмбақпын оңайлыққа шешілмеген.
Бірімін түсінбесең жай күніңнің,
Тәуекел дегізетін айдыныңмын.
Намысы бітсе маған әр қазақтың,
Шабысын берсе және Тайбурылдың.
Өмірдің толқынында билеп кемем,
Білмеймін, несі қалды күйретпеген?!
Алайда жұдырықтай жүрекпенен,
Арқалап адамдықты сүйреп келем.
Орманда әнін тыңдап жыршы құстың,
Тауында туып-өстім күншығыстың.
Сыйлаған тартуындай табиғаттың,
Жарқылдап жанарымда тұрсын ұшқын.
Мен едім шал-кемпірдің жалғыз ұлы,
Өсірген мыңға балап бар қызығы.
Басқадан дәнеңені дәметпеймін,
Жұмсалса Отан үшін жан қызуы.
Ұлы өмір – әлпештеген абзал ана,
Әкемдей тәрбиеші ал замана.
Алтайдың қойнауында менің жаным,
Іздегің келсе, құрбым, тау жағала!