09.09.2022
  186


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Туған ауыл

Қай ауыл?
Осы ауылды Еңбек дей ме?
Еңбектен дөңгелек жыл жел кетпей ме?!
Қысында бір ай бойы күн түспей ме,
Күні-түн аяз буып делдектей ме?!
Титыққан қара жұмыс азабы ма,
Тұрғыны тыным таппас мазалы ма?!
Тауында қар төсеніп, мұз жастанып,
Төзімді болғаны үшін жазалы ма?!
Шығыстан Өрдің желі қызылдай ма,
Батыстан Құбыласы ызыңдай ма?!
Алтайдың ақ түтегі батыстан кеп,
Әп-сәтте ауа райы бұзылмай ма?!
Сырғыма қары борап ұшқындай ма,
Сырғанап дедектетіп күш қылмай ма?!
Құйыны терістіктен орай соғып,
Дауылы ішін тартып ышқынбай ма?!
Бар малын ұшырам деп тасырлай ма,
Таңбаның құшырланып тасы ұрмай ма?!
Уаң мен Атыраудың шаңы борап,
Перделеп Ақдаланы жасырмай ма?!
Алтайдан Бұқтырмаға құламай ма,
Аужайын Қара жердің сұрамай ма?!
Өзгеше болып шықса желдің күші,
Өзі де табиғаттың шыдамай ма?!
Қанжардай көктем желі серт қорғай ма,
Қозғалса ескі сырқат дерт болмай ма?!
От қою көң-қоқырға қайдан шыққан,
Ұшқыны сәл тұтанған өрт болмай ма?!
Қалталы желге қарсы талтақтай ма,
Қорланып тесік қалта жалтақтай ма?!
Пәрменді пысықтардың әрекеті,
Ешкімге опа бермес ортақ пайда.
Оңар ма лағып кетсе төзім – айла,
Жап-жақсы басталған іс қожырай ма?!
Құдайды ұмытпасаң тәубеге кеп,
Сақтансаң сақтармын дер сөзі қайда?!
Ауылды жел меңдетіп Еңбек дей ме,
Мейманы сыйлаған соң, еңбектей ме?!
Қысында бір ай бойы күн түспесе,
Жазында салқын самал тербетпей ме?!
Жайлауда шалғыны өсіп жайқалмай ма,
Жонданған өрістен мал жайтаңдай ма?!
Жарылқап Нілібайдан жалғыз бұлақ –
Көктаста отырғаны байқалмай ма?!
Қайшыдан келген арна сарқырай ма,
Сағымы жарты ауылға жарқырай ма?!
Мен арық қазып бұлақ жеткіздім деп,
Таласып тағы біреу қалтырай ма?!
Жапырақ жайған орман өзгермей ме,
Құлпырып құбылғанын көз көрмей ме?!
Еңбектен шыққан шешен көбейер деп,
Килігіп тағы біреу сөз бермей ме?!
Бал ара қуыс тапса тоқталар ма,
Жыл құсы күзде ғана топталар ма?!
Ауылдың батыс жағы мол қарағай,
Мөлтеші қызыл-сары көп болар ма?!
Піскенде жеміс көзің қызығар ма,
Ашылып тәбет, көңіл бұзылар ма?!
Қасында қарақаттың тәтті құмар
Аюдың шым қопарғыш ізі бар ма?!
Жинаудан күз өнімін жалығар ма,
Көрмеген дәмін татып жан ұғар ма?!
Түсірген тау бөктерлеп бірнеше қап,
Қызылдар балқарағай дәні бар ма?!
Мол өнім телім күзде екшеле ме,
Қажет пе іліп қою тек шегеге?!
Күн шықпай тау бөктерін кезген аңшы,
Түгесіп бар қақпанын тексере ме?!
Жолаушы аспан көріп тосылмай ма,
Жаңбырдан секем алып шошынбай ма?!
Сәлден соң бұлт ыдырап, күн ашылып,
Зеңгір көк – кемпірқосақ қосылмай ма?!
Тізеден кешіп өтер батпақ бар ма,
Із түспес көше бойы жат қаптал ма?!
Сезімді ынтық қылған ақ қайың ба,
Сөзімді түртіп тұрған аппақ тал ма?!
Шынымен Еңбек деген осы ауыл ма,
Салмаққа жолдас – жеңіл, дос ауыр ма?!
Кейінгі бой түзеген тарпаң қыз ба,
Бейімді ой түзеген асау ұл ма?!
Тигендей төрден орын бәйбішеге,
Көп кілттен айырылған ба байғұс ене?!
Сыр бермей отырады-ау отағасы,
Кемпірі келін құйған шайды іше ме?!
Дәстүрдің сақталар ма бәрі бірдей,
Болар ма үйреншікті тәліміндей?!
Еңбекте туып бекер жүргендеймін,
Ауылдың адамдарын әлі білмей.





Пікір жазу