09.09.2022
  80


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Өмір мен өлең

1
Мен десең, қалықтама төмен, арман!
Бұйырған қызығымды көрем алдан.
Келтіріп өз қисынын Тәңір-тағдыр,
Түсімде төрені емес, өлең алғам.
Дәрменсіз уланса да қазір сана,
Даңғылда дараланған әзіл сара.
Әкімдік маңдайыма жазылған жоқ,
Ақындық таңдайыма жазылса да.
Төр Алтай биігінен асқақ қарап,
Мұзтаудан жатқандай-ақ мақсат тарап.
Бұқтырма буырқанып үн қосады,
Өмірге өлең болып қақсақ қанат.


2
Ашылмас жөпшендіге жайлы сырым,
Таулықпын күн тұрпатты, ай мүсінім.
Жарыстың желпу білмес жүлдегері,
Сайыстың серпу білмес бәйгесімін.
Күн болсам, алтын теңге сыңғырымын,
Ай болсам, алтын шолпы сылдырымын.
Сұңқардың тепсе берік топшысымын,
Тұлпардың сексен өрім шылбырымын.
Тау бұзған Бұқтырманың арнасымын,
Еңбектің ел танитын таңбасымын.
Анамның ар нұрының қуатымын,
Әкемнің тағдырының жалғасымын.
3
Зымыран жыр келді оқыс жырғап-күтпей;
Шыңырау нұр арқауы жұмбақ жіптей.
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым;
Кетемін-ау,
бастап ап, жырлап бітпей.
Сөз өрісін сөйлеуге бейім қымтап,
Ойым ортақ, болса да бейіл бұлтақ.
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым;
Өзі білсін,
Сынайтын кейінгі ұрпақ.
Бал арадай сағынса омарта айын,
Дода сайын жүлдегер болар тайым.
Таусылмайтын тақырып тауып бердің:
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым.
Орнықса да көңілге толқын-сенім,
Орындалмас армандай қорқушы едім.
Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым,
Өрілді ме өрнектей көркің сенің?!





Пікір жазу