09.09.2022
  91


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Өлең туралы

Өмір қарыз тәрізді төленбеген,
Қызық бардай мен әлі бөленбеген,
Сол жұмбақтың шешуін табар жолда
Мен өлеңнен адасып, өлең – менен.
Өлең, шіркін, өнетін орта қандай,
Секем алып үріксе, қорқады аңдай.
Шешемін деп жұмбақты алаңдаймын,
Айықпаспын сол дерттен сорпаланбай.
Тұрғандаймын шәкірттей білмей сабақ,
Аңдып тынып қалғандай жүрмей сағат.
Сөйтсем жала жауыпты сырттан біреу,
Өтірік мен өсекті жүндей сабап.
Жалған шағым үшін көп дауласар ем,
Жеткізбейді шындыққа маубас әлем.
Болат сымдай қырқылып үзіледі,
Ақиқат пен жаланың жалғасы әрең.
Енді шындық термесін төкпе дейін,
Жаңылайын жүрістен көпке дейін.
Алауласын жан-жағын жарқыратып,
Әр тұтанған жырыма от берейін.
Өлеңіммен қайтадан қауышайын,
Аспандайын, самғайын, тағы ұшайын.
Мен тынымсыз жақсылық сәтті күтем,
Дөңгелек жыл әр атқан таңы сайын.





Пікір жазу