Ана мектеп айналайын даңқыңнан
Ұмытылмастай күні кеше көз алдымда тұр менің,
Балаусалы балғын кезім шарпығанда күз демін.
Сонау-сонау қара таудың бөктерінен аттанып,
Алақаны анашымның жетегіне ап жүргенім.
Осы мектеп құшағына ап сонда мені төрлеткен,
Осы мектеп әлдиімен сонда мені тербеткен.
Осы мектеп ұштап тұңғыш туған ана тілімді,
Аясында алтын бесік қанаттанып ержеткем.
Өнер- білім талғамы еді арғы ата-бабамның,
Өнер-білім арманы еді мені туған анамның.
Жібек желі еркелетіп маңдайымнан өбетін,
Қара қызы ем қаратаудың мынау кербез даламның.
Әрін берген, нәрін емген асыл ұя мектебім,
Өзіңде өткен сағынышты бал дәуренім көктемім.
Ұстаздарға Мәкең сынды ана тілін үйреткен,
Көкейімнен кетпейтұғын борыштарым көп менің.
Талаптандым арман қуып, үмітіңді ақтауға,
Арналған соң тамшы терің, ұрпағыңды баптауға.
Қатарымнан қалмай озып, аштым дашуе есігін,
Жетегімен үмітімнің арман тауын аттауға.
Бүршік атып өз қойныңнан өркен жайып көктеген,
Көрініп жүр сан-саладан ұрпақтарың көптеген.
Атом зерттеу ғылымына үлес қосқан қатынасып,
Ғалым қызың Күләндадай ұлы міндет өткерген.
Оза шауып ұрпақтарың білім менен өнерде,
Дарқандықтың жыры толды сенің кітап сөреңде.
Сыйлық алып мемлекеттік биіктерде, өрде де,
Алып тұлға жұңхуадай ұлы отаным өр елде.
Мектебімнен болашаққа алтын желі тартылған,
Тамшы терің көл болыпты шаттығыңмен шалқыған.
Өнер туын желбіреткен шаңырағын шайқалтпай,
Айналайын жетпіс жылдық мерекелі даңқыңнан.