09.09.2022
  111


Автор: Гүлжаһан Қыдырмоллақызы

Тірлік кешіп келемін

Тірлік кешіп келемін күндеріммен,
Бір бақ, бір сор тамшылап жүрегімнен.
Батар түнмен жабырқап жүдесем де,
Атқан таңмен ағарып күлімдегем.
Тірлік кешіп келемін айларыммен,
Бірде өр, бірде еңіс сайларыммен.


Бір мезет құмды шөлейт дала кезсем,
Бір мезет көк мекенге жайған іргем.
Тірлік кешіп келемін жылдарыммен,
Кездерімнен із тастап жылап жүрген.
Жанымның жарақаты асқынғанда,
Сырласамын шағынып жылға бірдем.
Тірлік кешіп келемін ғасырмен де,
Тарлан тарих, ақбас шың тасымен де.
Самалы ескен жанынан жақсымен де,
Тартқылаған етектен масылмен де.
Тынысы тірлігімнің арман далам,
Арманымның бүршігін жарған далам.
Әні болып даламның жыры болып,
Қарманам үмітімді жалғап алдан.
Құр күйбең риза емен тірлігіме,
Қимаймын күнім тұрмақ түнімді де.
Келте өмірдің тайғанақ тар жолында,
Ар-намысын үмітімнен түңілдіре.
Мейір жиған шуағын сүйіп күннің,
Ұлы тауым берсе екен биіктігін.
Ел намысын көтерсем армансызбын,
Бірі болып өзіңдей иықтының.





Пікір жазу