09.09.2022
  75


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Катабайка

Катабайка – қашаннан қиын асу,
Қиындықпен қиын ғой қиюласу.
Оңай шығар деймісің, жүргізуші,
Бірінші жылдамдықтың күйін басу.
Қиындықтың көп татқан қатал дәмін,
Өрісі кең, жолы ұзақ сапардамын...
...Кеше ғана білдім ғой Катабайка
Катабайка қалайша атанғанын?!
Кеткендейін бір ғана сәті қапы,
Емес екен батыр мен ақын аты.
Атам екен ол менің көз көрмеген,
Сол атамның шын аты – Қатыбақы!
Еңбек етіп өткерген қару-әлін,
Табиғаттың үйреніп дару әнін.
Қыстау салған мекендеп осы араға
Бірі екен ғой жұпыны шаруаның.
Тауысар ма көп сырды сапар айта,
Жаңғырығып сан менен сапа қайта?!
...Бір дуалы ауыздың құдіретімен
Қатыбақы атанған Катабайка!





Пікір жазу