09.09.2022
  89


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Өзекті жарып шыққан өлең

1
Жетпіс жыл желкенімді шайқадыңдар,
Енді тыңда, менің де айтарым бар.
Тоналғаным аз емес, содан маған
Тілім, дінім, иманды қайтарыңдар!!!
Өздерің біл, мақұлда, мақұлдама,
Көкорайдан қалғаны – тақыр дала.
Жұрдай бола жаздаппын бәрінен де,
Қазақ деген сақталып атым ғана.
Заман бұлай тұрған жоқ жаралғаннан,
Деген қисын тарап жүр мамандардан.
Езіп түскен еңсемді тоқырауда
Кетпей қалай кірігіп, аман қалғам?
Өткірірек естілсе сөзім бүгін,
Оңай емес ашуы төзімдінің.
Салт-дәстүрін халқымның аялаңдар,
Тіліме де сала жүр көзің қырын.
Кірбің болып кетпейді шырадай мұң,
Әкімдіктің әрқашан ұраны – айбын.
Өзімдікін өзіме қайтарыңдар,
Шектен шығып дәнеңе сұрамаймын.
Қуанамын, туыстар жеріне ме,
Түсінісіп жатқанда келін-ене?!
Өзге жердің пұшпағын қаламаймын,
Өзім ие болайын жеріме де. 2
Жер-жебірімді қазып үңгір еттіңдер,
Жекен-суымды лай қылып кеттіңдер.
Енді соны даулап алсын, жасаған,
Менің момын қазағыма екпін бер.
Елді көрмей, жерді көрген қайраткер,
Жұртты көрмей, бұлтты көріп жайлат кел.
Енді соны жария қылсын, жасаған,
Менің жуас қазағыма қайрат бер!
Жара жатыр қаншама ұзақ жыл емдер,
Кезең туды жолсыздықты жүгендер.
Бассыздыққа тұсау болсын, жасаған,
Менің төзгіш қазағыма жігер бер?!
Қазақ осы ерте оянып, кеш білген,
Бар жұмысын тоқ етермен шештірген.
Кімге болсын ойын айтар ірікпей,
Қарызданып сөз алмайды ешкімнен!
Оңай болмас шетке барып жерсінбек,
Қазағымда орын алмас кемшін бет.
Кеш қалмасақ сол жайбасар мінезбен,
Жанға – қуат, тілге медет берсін деп.
Сөз алғанда азаматым сом бөлек,
Артта қалып, жүреміз бе сөлбіреп?!
Қайтарайық қазынасын халқымның,
Тоң жібісін, демеп жібер соңғы рет!!





Пікір жазу