09.09.2022
  153


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Түнгі сарын

Түнгі сарын. Тұрып кеттім төсектен,
Шықтым үйден, ауылдан да шеткері.
Қайран менің жастық шағым бос өткен,
Тіршілік те, өліара да өтпелі.
Ес жинасам, маңдай алдым – зират жақ,
Мең-зең қалпым жалт қарадым аспанға.
Қараңғыда күй шойнақ та, би ақсақ,
Қараңғыда ой шіркін де астарлы, ә?!
Көз алдымда қара кетпен, көк тесе,
Көрінбейді қараңғы жол сорабы.
Бұған дейін ағып түсіп кетпесе,
Көк төсінде тұр жұлдызым жоғары.
Дәл ортада тербетіліп мен тұрмын,
Ауыл – анау, аруақтар – мына жақ.
Тілімді әрең кәлимаға келтірдім,
Көкке қарап жасай бердім мінәжат.





Пікір жазу