09.09.2022
  86


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Заман кімдікі?

Жастайыңнан жан рақат болған дербес,
Көлденең көз киліксе қорған бермес.
Жарға жығып кетсе де орға итеріп,
Мен бір іске бел будым қолдан келмес.
Бастасам ба қазірден жеке қалып,
Айтар сөзім ақиқат екені анық,
Ақша билеп нарықтық қатынасты,
Тәртіпсіздік тұрса да етек алып.
Шайнар едім көкжалша көлемі ұтты,
Мытиын ба аюша төрелікті?!
Арыстанша ақырсам, былқ етпейтін
Өресіздер қалайша өлең ұқты?!
Жегідей жеп жатса да ішімде мұң,
Ешкім білмес тұңғиық пішіндемін.
Көп сұраққа толғанып жауап таппай,
Көлгір заман мынау-ақ түсінгенім:
Мына заман төрешіл шендінікі,
Жеп үйренген майбөксе шелдінікі.
Күң мен құлдың жоғалса жексенбісі,
Кембағалдар, көзіңмен жерді нұқы.
Мына заман қартаймас жасаңдікі,
Бой алдырған ішкенге масаңдікі.
Пысықтардың дәурені жүріп жатыр,
Күн туар ма болатын нашардікі?
Мына заман би болған қатындікі,
Бас изеген шыбындап мақұлдікі.
Сырт айналса өлеңнен артын беріп,
Болғаны да құр далбақ ақындікі!
Мына заман пұл болған сиырдікі,
Бұлтақ ізін жасырған шиырдікі.
Тәуелсіздік түбіне жеткендейін
Өндіршегі үзіліп қиылдікі.
Дүниенің бар құты тіреудікі,
Одан-бұдан сапырып күреудікі.
Үлес алып қалмасаң, ұпай жинап,
Түбі өзің де боларсың біреудікі!





Пікір жазу