Жамалқанға
Өлең десе өрбітіп қанатыңды,
Екпінің қара бұлтты жара тілді.
Поэзия шебінде бағаң артық,
Әйелдің жаралмаған қара тілі.
Жырларыңмен айшықтап санатыңды,
Келеді елің қастерлеп сара атыңды.
Өлеңнің сайыскерлік майданында,
Жер қаптырып келесің сан ақынды.
Өршіл талант таптырмай тағатыңды,
Түйдек-түйдек жыр төгіп таң атырды.
Күмбірлі күйлерің мен әніңе елтіп,
Таулар мүлгіп, балбырап дала тынды.
Жырларыңнан жарқырап төгіледі,
Қазақтың қасиетті таза тілі.
Елімнің іші тұрмақ сыртында да,
Жеңімпаздық рухың таратылды.
Жастайыңнан құмарта өнер сүйіп,
Ұрпақтарға келесің өнер үйіп.
Ұлтымның өлең айтыс майданына,
Ту тіккен маршалысың өрең биік.
Салыстырып Бекең мен Құрекеңе,
Сыншыл елің мақтамас құр бекерге.
Бірде желпіп, тіресіп, бірде шалып,
Мойындаған жырыңнан жыр өтер ме.
Қыза шапқан кезіңде тулап қаның,
Сарқырата ағыттың шындап бәрін.
Көмейіңнен от бүркіп жібергендей,
Қыран жетпес биікке шырқап дарын.
Жырларың әсем сазды күй есілген
Көтерілмей келеді жиі есімнен.
Тап бермеде сүйінтер тапқырлығың,
Әлде сен асыл ойдың киесі ме ең.
Заманыма жалғаған дана сөзін,
Сенде мықты шалдықпас сана төзім.
Поэзия жұлдызы жарқыраған,
Халықараға әйгілі дарабозым.
Жасайсың ұрпақтардың санасында,
Жасайсың шебер бағбан арасында.
Берерің көп қой әлі ғасыр жаса,
Өмір берсін дәурімнің сарасына.