09.09.2022
  85


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

“Шұбартөс” шақырады

Жолым түспей жүр ме осы бекер менің,
Осы ғана болды ма жетер жерім?!
Торқасқаға тағы да қарғып мініп,
Шұбартөстің үстіне кетер ме едім?!
Шұбартөстің үстіне шығар ма едім,
Күш-қуатым жетер ме бұған менің?!
Қансонарда Шұбартөс қарауылым,
Не болмаса шарт сынып құлар жерім.
Былтырғыдай тағы да шалқып-күліп,
Торқасқаның айылын тартып мініп,
Қансонарға, Кеңесбек, аттанар ма ек,
Ат тұяғы ақ қарды тарпып тұрып?!
Қара қостан жөнелсек ұзап тағы,
Көкжиектің көрінбей сызаттары.
Келіп қалды-ау қараша, қансонарды,
Қалыңдық қып күйеуге ұзатқалы.
Серік қып аңшыға тән әнді берік,
Таутекеге ит қосып, аңдыр едік...
...Ойхой, шіркін, олжалы оралған соң,
Айтар ек-ау таусылмас әңгіме ғып.
Тау үстінде жел – самал, ауа – сайын,
Дәрі болар дау сайын, дауа сайын.
Құрыстаған денемді жазу үшін,
Кеңесбек-ау, ат қайда, тау асайын?!
Сары алтындай шапанын жамылды алап,
Сәтте өзгеріп кетердей дамылдап ап.
“Шұбартөске” барайық “Қазақ жолмен”,
Көп жүреміз “Ирекпен” қабырғалап.
Күз көркіне дұрыстап қарайықшы,
“Шұбартөсте” тыныстап алайықшы.
Мылтықты қой, екеуміз күздігүнгі
Соңғы шыққан гүл ұстап алайықшы.
Күз салқыны қыза ма, от бере ме,
Қыздырмаса орынсыз өкпелеме?!
Нәзіктікті әлпештеп өту үшін
Жеткізейік сол гүлді көктемеге.
Біз де бір сәт жасарып қызынайық,
Жыл маусымның тұрғанда күзі байып.
Ойдағыны ірікпей дер кезінде,
Сөйлеп қалу керек қой біз лайық.
Тағдыр бізге тәуелді төзді делік,
Ұстау керек сол үшін сөзді берік...
...Жер-дүниеге тағы бір қарайыншы,
“Шұбартөстің” үстінен көз жіберіп.





Пікір жазу