09.09.2022
127
Сахариев Мұхтар ағаға
Құйылма шежіре едің, Мұхтар аға,
Құр сөзді айналдырған құтханаға.
Қасыңда тайлақтайын тайраңдаушы ек,
Қажырлы нар жолында жүк қала ма?!
Шертуші ең әңгіменің не түрлісін,
Қатарлап бір аңыздың жеті үлгісін.
Көзіме елестейсің бұрынғыдай,
Өткенді айтып отырған секілдісің!
Іріктеп мәндірегін, маңыздысын,
Қызықтың қыздырмалап тамызғысын,
Тағы да баяғыдай әңгімеге
Қызықтырып отырған тәріздісің.
Ұшырған шежіренің мият құсын,
Артыңда ілігің бар – тұяқтысың.
Өзіңді қоршап алып тыңдағанда,
Әңгімең сарқылмайтын сияқтысың.
Тумысы жаратылған өлең тістей,
Арнаңнан ақтарылдың мол Ертістей.
Мынау жалған дүниеден өте шықтың,
Өзіндік биіктіктен төмен түспей.