09.09.2022
  115


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Құдайға наз

Мынау сараң дегізбей, анау жомарт,
Алакөз боп екі жақ қарау нәмарт.
Жұмақ-тозақ сапары қатар түсер,
Әмір ием, маған жүк талаурап арт!
Мынау түзік дегізбей, анау бұзық,
Намыс жоқтап жүргендей таралғы үзіп.
Ішпей-жемей масайып, топ-тоқ болып,
Құдіретіңе, Тәңірім, қалам қызып.
Мынау жалқау дегізбей, анау пысық,
Қалмасыншы көңілге жамау түсіп...
...Бірдей жүріс бәріне бермедің бе,
Жететіндей мәреге жарау пісіп?!
Мынау мықты дегізбей, масаң анау,
Жарқырата алар ма тасаны алау?!
Сыбағасын қылдай ғып бөлмедің бе,
Бәрін өзің түрлеген Жасаған-ау?!
Мынау ойсыз дегізбей, санатты анау,
Бабы бірдей емес пе талап-қалау?!
Ақыл-ойды тең бөліп бермедің бе,
Сырт пішінін ұқсатқан Жаратқан-ау?!





Пікір жазу