09.09.2022
131
Қазақ десем, ойымда Абай тұрар
Өтежан Нұрғалиевқа
Қайран жұртым. Қазағым. Ұлы Абайым.
Ұлы күнге ортақ боп тұр ағайын.
Жеке дербес өрбісе данышпан ой,
Сөз түсірген сызаттан сыналайын.
Қалың елім. Қазағым. Дана Абайым,
Ойын қуған, ой қуам, баладайын.
Жетпей жатқан даналық өлшеміне
Бөлшек болсам, қолдар ма дала дәйім?!
Қайсар халқым. Қазағым. Жаса, Абайым!
Сен нұсқаған бағыттан бас алайын.
Орқаш-орқаш ойлардың тоғысында
Кедір-бұдыр тегістеп қашалайын.
Сайран елім. Қазағым. Ән Абайым,
Сөз бен сазды әдіптеп саралайын.
Сан жағынан қисынын билік білер,
Сандал жанға санат пен сана уайым.
Қайран халқым. Дидардай айна Абайым,
Ой қазығың жібермес, байланайын.
Синтетика жылмағай заманында
Сенің шидем күпіңді аймалайын.