09.09.2022
  88


Автор: Шәдәт Нұрсапақызы

Ақ тілек

Обырлардың ішінде өліп жыланы,
Содырлардың сорласа екен ылаңы.
Адалдық пен адамдықтың бағы артып,
Көп көңілден тапса жайлы тұрағын.
Орайшылдың сайқалдығы құрыса,
Кенелсе әр кім таза несіп, ырысқа.
Ізгіліктің ауасы кең жайылып,
Өкпелі өмір, қалған көңіл жылынса.
Озбыр дейтін арсыздықпен көркейгіш,
Ат жалынан мал табу мен өртейді іш.
Мүрдем кетсін бұралқылар бұлғақшыл,
Ұры иттің құйрығындай селтигіш.
Жойылса егер рушылдық, жікшілдік,
Алты бақан алауыздық, құлшылдық.
Бал жаласқан орнап ұлы береке,
Келер еді барлық үйге құт тірлік.
Адамға тән пәктік пенен ұлылық,
Қара қылды қақ жарар күш нұр-үміт.
Судан тұнық өмір тілеп сүттен ақ,
Жар саламын көп санды елмен бірігіп.





Пікір жазу