
Менің тілім
Менің тілім - мөлдір судай сылдырлы,
Менің тілім - нулы ормандай сыбдырлы.
Таза күміс шолпысындай арудың,
Керуеннің қоңырауындай сыңғырлы.
Менің тілім - күйлерімдей сарынды,
Кесіп айтар жарлықтардай жалынды.
Таңдайына ұя салған бұлбұл құс,
Өлең-жыр боп өрнектелген бал үнді.
Менің тілім - қоңыр салқын самалдай,
Менің тілім - жарқын-жарқын жамалдай.
Жылы сөзі жыланды іннен шығарған,
Күн құшақты мейірі ыстық анамдай.
Ел қырқысып елдің құнын жоқтаған,
Жесір дауы, жер дауы да ақ боран.
Болғанда да әділ қазы кесе айтқан,
Ең жүйелі жалғыз сөзге тоқтаған.
Менің тілім ғашығымдай іңкәр тіл,
Менің тілім қыран, қырғи, сұңқар тіл.
Еттен өтіп сүйегіне жететін,
Дұшпанына алдаспандай тым батыл.
Менің тілім әз сағыныш, тіл арман,
Менің тілім қымбат та, асыл тұмардан.
Сондықтан да сөз қадырын ұғар жан,
Өнер алды - қызыл тіл деп шығарған.