09.09.2022
  115


Автор: Шәдәт Нұрсапақызы

Төрт жанардан төтенше жалын ұшып...

Төрт жанардан төтенше жалын ұшып,
Сен екеуміз жолықтық сағынысып.
Отты укол қойғандай тамырымнан,
Бара жатты денемде қаным ысып.
Көк теректің көлеңке саясында,
Сағынғаннан отырмын әлі құшып.
Бар екенсің наркес көз, қарғам менің,
Әр сөзіңнен түсіндім арман лебін.
Қанатынан қайрылған боз торғайым,
Таба алмай зарыққан самғау көгін.
Әжім болып көшіпті маңдайыңа,
Баға жетпес кешегі бал дәуренің
Қандай белгің бар, күнім, өткеніңнен?
Нені іздедің жаныңның көктемінен.
Қызғалдақтай қырмызы жастық шағың,
Сағынышпен сарғайып өтті өмірден.
Екеумізге бар еді ортақ бақыт,
Соны іздедім уақыт беттерінен.
Тұра қалды кіреуке жанарға мұң,
Өзімді өзім жұбатып тағы алдадым.
Жылдар маған қайрылып қараған жоқ,
Жақұтымды жоғалтқан таба алмадым...
Ғұмырымды сыйлауға тиісті едім,
Өксікпенен өртенген саған жаным.
Жолдар бізді бастады қиырға сан,
Қазір менің ойым от, күйім масаң.
Қатал тағдыр кінәлі бәріне де,


Сен кіналі емессің бұйырмасаң.
Тірі аруаққа айналып кетермін мен,
Көз жасыңнан көлдеген тиылмасаң.





Пікір жазу