Таңжарық ауылында
Ой-хой, далам мен өзіңнен ой алам,
Ой алам да тұңғиықтан оянам.
Жүрмін бүгін ауылында Тәкеңнің,
Зейінімді алау жырмен ораған.
Жыр туған жоқ гүл даладан тосыннан,
Ұшқан тұғыр жыр алыбы осыннан.
Бақыт пенен ізгілікке шөліркеп,
Жатыр ізі арлы-берлі жосылған.
Ұлы жүрек надандықпен арбасқан,
Зұлымдықтың жағасына жармасқан.
Жылаған ел мұңын бірге жоқтасып,
Жалаңаяқ жанған от пен қар басқан.
Арманы боп ертеңгі азат ерен күн,
Жасытпаған түрме сынды кереңің.
Болып өзі қапастағы бұлбұлдай,
Солдаттары майдан кешкен өлеңнің.
Тұрса да өзі ол заманда, ол елде,
Алғыр ойы таң нұрымен бөлеулі.
Айбарлы ақын елін сүйген ер еді,
Ойламап ед жан сауғалап «өлемді».
Қайтқан да емес жалғыздықтан қайраты,
Талай бекті тітіреткен айбаты.
Бет-беделін жерге таптап сан жерде,
Қан жалатты өткір тілдің найзасы.
Ақыл айтты, ел тозбау үшін торғайдай,
Ақ түтекке төсін керді қорғандай.
Хан мен қара күресетін жол қандай,
Салыстырды бақыт қандай, сор қандай.
Танымаған ылдиында, өрінде,
Ақыл айтты тас қараңғы еліне,
Аяқасты болған ары, жас жаны,
Ақыл айтты қарындасқа, келінге.
Күреспен тап деп бақытты, бағыңды,
Ақыл айтты жанға жайлы нанымды.
Уа, бейуаз ел кеулеп кіріп денеңді,
Жегі құрттар жеп жатыр деп жаныңды.
Ғазиз жаның неткен қайсар, асыл-ды,
Сәл ертерек туғаны-ай сол ғапылды.
Қара түнді қақ айырған жасындай,
Қандай дана тауып қойған атыңды.
Деп айтар кім Тәкең торқа жамылды,
Жырлары әлі арада жүр жалынды.
Жатыр бәлкім азат жерде тынығып,
Қажыған жан енді алғандай дамылды.
Жалындаған жырларына таң қалып,
Есімін де отыр елі заңғар қып.
Түнгі аспаннан жарқыраған шолпандай,
Жоқтатпайды артында өлең, ән қалып.
Төгілтіп тұр суын ішкен шақпың күй,
Жаңа дәуір туған жерден таптың сый.
Саумал самал бесігіңді тербесе,
Жомарт далаң әтір гүлмен жапты ылғый.
Батып ойға қабырыңда күрсіндім,
Неге жанын мұжыды екен шіркін мұң.
Ол жамылған топырақты қастерлеп,
Көзге сүрме еткелі алдым бір шымшым.
Денеңдегі сүркей күннің ылайын,
Қос жанарым жаңбырымен жуайын.
Кешулерің орны толмас өкініш,
Дарыныңды дарытса екен құдайым.
Дәуір туды бір күні артық бір күннен,
Өзің көрген көңілдегі дүрбіңмен.
Заңғар ақын неткен ойлы дана едің,
Қабырыңда басымды иіп тұрмын мен.