09.09.2022
  156


Автор: Ермұрат Зейіпхан

ТОМИРИС

Өзің болып ойлап тұрған белдер-ай!
Көзің болып салмақ тұнған көлдер-ай!
Жүзің болып жайнап тұрған гүлдер-ай.
Ізің болып сайрап тұрған Күн мен Ай.
Қайырмасы:
Тұран қызы, қыран қызы – елімнің,
Ұран қызы, жыр-ән қызы – жерімнің.
Даласындай дана қызы – түркімнің,
Анасындай пана қызы – жұртымның.
Қолаң шашың – қара орманы Алтайдың,
Сәукелеңді – Жетісудан байқаймын.
Алқа-сырғаң – Сексенкөлі Арқаның,
Атырауда қалған қылыш-қалқаның.
Қайырмасы:
Тұмар қызы бабамыз – ғұн, сақтардың,
Көкірегіме тұмарымдай сақтармын.
Мән-ырысы – айлы кештер, ақ таңның,
Күллі жұртқа атыңменен мақтандым.





Пікір жазу