Тарбағатай туралы
Туған тау атам ба екен, анам ба екен?
Үңгірі жаугерлікте панам ба екен?
Шикі өкпе мен іспетті сан балаңды,
Құндақтап құдыретің ғой адам еткен.
Алып тау неткен ғажап асыл едің,
Мен сенсіз қашан мұндай тасып едім?!
Өзіңе тәңірімдей табынам да,
Алдыңда сәлем етіп, бас иемін.
Киелі сендей сері бұла бар ма,
Бабамдай маңғазданып тұр әманда.
Азырақ арнап саған өлең жазсам,
Талғампаз талабыңнан шыға алам ба?
Жоқ менің сен тұрғанда сескенерім,
Тартқам жоқ таршылығын ештеменің.
Боз торғай қой үстіне ұя салған,
Қызымын сахараңда көшкен елдің.
Туған тау, ой-хой шіркін, шырын бау-бақ,
Кекілік, арқар, құлжа, құрыңды аулап.
Ата-бабам өзіңде мәйекті өскен,
Жатса да көне дүние қырын аунап.
Жәннәт қой саялы орман, ой-жыраң шын,
Қандай жан көркіңнен көз тайдыра алсын.
Атыңнан өзегіме от түскенде,
Қимастық шоғын үрлеп жандырасың.
Тарихтың сақтап тұрған бай мұрасын,
Шежіре мөрлі тасың, қарлы басың.
Жылапты жер ауғанда ұранқайлар,
Арда емген қимай тайдай тарғыбасын.
Самалың шөлдегенде саумалдардай,
Жан торсық қанжығаңа байлағандай.
Жатасың көгалына аунап-қунап,
Еркіңді бір алып күш аударғандай.
Жемісті есіл таудың даласы да,
Бейіске кірдің десем нанасың ба?
Ұзасаң сағындырған бал асы да,
Бір келсең кеткің келмей қаласың да.
Ежелден емес сенен ырыс тайған,
Жер астың мұнай, көмір, құрыш қоймаң.
Шыңына етікшінің көз жіберсең,
Тасыйды дән теңізі Құлыстайдан.
Шопаны тарпаң қысқа бүгілмеген,
Жүзінен қажу-кірбең білінбеген.
Мыңғырып қойнауыңда төт түлік мал,
Кекілдеп соны шөптің бүрін жеген.
Шешкендей ойдағы арман түйіншекті,
Шолады қыран көктен қиыр шетті.
Сапқының тасындай боп құздан төмен,
Я сәт деп қуанасың құйылса епті.
Ерисің табиғатқа құлақ тіксең,
Ағады сықылықтап бұлақ біткен.
Шырмауық аяғыңнан шалып қалып,
Мамығын төсей қалар құлап түссең.
Ақ нөсер құяр әудем жер көрінбей,
Шебер жоқ табиғаттың зергеріндей.
Шығатын жаңбырдан соң кемпірқосақ,
Әжемнің басқұрының өрмегіндей.
Жүрмеген татулыққа еш іріткі,
Жиырма үш ұлт бақытты өмір кешірісті.
Талай жас үлбіреген шұғынығын,
Махаббат жаршысы етіп ұсынысты.
Дей алман тұнып тұрған қоймаңды алдым,
Қана алмай көп сырыңа тоймаудамын.
Беттерін Тарбағатай парақтасам,
Көрінер өз үйімдей қойнауларың.
Суың - бал, тасың - кенім, шөбің - дәрім,
Өзіңсің жан ләззәті көңілді әнім.
Көргенді ата менен ана көріп,
Оқ жонып, тон пішкендер тобындамын.
Көрінген заман қайда бір қырынан,
Қарт тарих соқпақтары мың құбылған.
Кезде де сенің асыл нәріңді емген,
Қауымың сан тосқауыл шыңды бұзған.
Тұйыққа тірелгенде ел дүрмек легі,
Жол тапқан ер Қабанбай құрметті еді.
Ел кегін төбесіне ту қып ұстап,
Әз жанын шүперекке түймеп пе еді?
Қаншама шұбырса да жыл тізбегің,
Басыбайдай ұмытылмас жұлдызды ерің.
Чаушиянға ерікті әскер аттанғанда,
Ат емес айроплан мінгізгені.
Көремін құздан дайым қыраныңды,
Қыранның қайсарлығы жыр, аңыз-ды.
Қараңғы кеуделерге шам боп жанған,
Кім білмес Дубегіңдей ұланыңды.
Аңызы атақ даңқын айғақтайды,
Бұлбұл қып қу ағашты сайратқаны
Жастарым той думанда аруақтанар,
Ауызға алып бал бармақты Қайрақбайды.
Қауымға зәбір көрген туған жандай,
Жауына борандата жауған қардай.
Сауықшыл бұлбұл көмей ақын өткен,
Әріпжан, Әсет пенен Ауғандардай.
Тарихтан жоймақ кімнің кім ізгі ісін,
Қымбат қой киелімнің құн үлгісі.
Адам түгіл аң, құс та ән қосыпты.
Тыңдаған Ақымжанның сыбызғысын.
Ата тау дәм-тұзыңдай көпке жеткен,
Арманым тәтті ырлар төксем екен.
Шақырса сенің дарқан дастарқаның,
Мен қалай шашу шашпай текке кетем.
Сен тұрсаң ақыныңнан қалап сыйлық,
Қырандай шығандайды талант құйғып.
Жағыңа тіл, басыңа көз-құлақ боп,
Болайын ұшпақ болсаң қанат-құйрық.