09.09.2022
116
ТӘҢІРІМ – ТӘҢІРТАУЫМ
Тәңіртау – биігіңді мұнар буған,
Сені ойлап көкіректі құмар буған.
Саяңнан саңлақ арман аластырып,
Ұлың жүр тағдырына сыр алдырған.
Қайырмасы:
Тәңірім – Тәңіртауым,
Сені ойлап жүрегімді ауыртамын.
Тәңіртау – тү-у алыста қойдың қалып,
Сарыарқа шақырады айдынданып.
Қалыпты бал дәуренім бауырында
Келіппін сағынышым, қайғымды алып.
Қайырмасы:
Тәңіртау – табынушы ем тәңірімдей,
Ақберен жоқ-ау тағдыр әміріндей.
Өзіңді жүрегінде сақтап жүрген,
Ұмытпа құйтақандай сері ұлыңды-ей!
Қайырмасы:
Бабамның көздеріндей көзім барсың,
Көктегі тәңір бар да, өзің барсың.
Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық,
Тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын.