09.09.2022
  135


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Есімде еміс-еміс...

Есімде еміс-еміс,
Еміс-еміс емес-ау, бәрі тегіс.
Көк белестер, көл, жаға, көктемгі егіс...
Қотандағы ой ашады өткенге өріс.
Бастау жатад бүлкілдеп, ыршымақтап,
Құс базарлы, кеткендей жыршы қаптап.
Төсек тартып қыс бойы жатқан біреу,
Отыр әне, маужырап, күн шуақтап.
Дәмің шіркін қандай-ды, бала көктем,
(Анам марқұм өзімен ала кеткен!)
Қан көбелек, ақ, сары... сән көбелек,
Күн себелеп, желің-ай, орап өпкен.
Гүр-гүр мотор, бауырдай тіліп маңды,
Мазалайды тынық түн, тұнық таңды.
Тісеп жүрген көрші қыз моп-момақан,
Сүтке тойған қозыдай қылықтанды.
«Екі тау екі жақтан» жақындасып,
Түн бойы алатындай ақылдасып.
Жұлдыздар таяп келіп тас төбемнен,
Маңыма қонатындай топырласып.
Жер бар ма сірә, менің Алмалымдай,
Өзіңсіз көрген қызық жалған, ыңғай...
(Матаулы кісіге ұқсап қалғанымды-ай!)
Арманымдай қол жетпес, бар ма мұндай?!
Алмалымды-ай!..





Пікір жазу