Ауыл түтіні
Бір қала жылу берген,
Пар қазандай дәуіңді.
Ошақ сайын от қалаудан,
Құтқарды деп қауымды.
Мақтанамыз
Сары қиды сахарада маздатқан
Көк түтіні будақтаған
Сағынамын ауылды.
Аспандатқан ақ ордалар
Үлбір-үлбір үкілім.
Мен мұндалап, сай жылғадан
Будақтайды түтінің.
Қи-тезегін отын етіп
Бұта-талын қураған.
Келістірген бабам қандай
Кең даланың күтімін.
«Түтінімді өшірмес» деп
Ұл-қыз өссе ұғым бай,
Шаңырақтан-шаңыраққа
Өтсе екен деп жығылмай.
Бабалардың ғасырлардан
Тік көтерген тілегі.
Сол көк түтін ауылдағы
Тіршіліктің туындай.
«Түзу ұшсын түтінің» деп
Бата беріп түлеткен.
Ауылдағы атаны да,
Ананы да жыр еткем.
Сол жырымның ажарында,
Ақ батаның нәрі бар.
Кетеді дейтін мақал бар-ды
«Сүтпен біткен сүйекпен».
Көре-көре көлбеп ұшқан
Көк түтінді аспаннан.
Ойым шалқып, сезім сергіп
Сол ауылда өсті арман.
Көзімді ашып көрген далам,
Ыстық иран бағынан.
Отан дейтін ұлы сезім
Отбасынан басталған.