Балдай тәтті сағындым бала күнді
Көктем-жазым, күзімнің кетті бәрі,
Қарашаның ілініп шеткі қары.
Балалығым, ауылым-сағынышым,
Көктем күйін келеді шерткім әлі.
Электірлі, этажды қаладамын,
Түлік емес төл ақша санағаным.
Балдай тәтті сағынам бала күнді,
Көк түтінді ауылды, дала дәмін.
Қойтаста ма? Көкшымда, Көлқайнарда?
Қонды ма ауыл қорасы толған қойға?
Жер ошақтар тізіліп жатыр ма әлі,
Үлкен асы атамның болған жайда.
Томағадай томпиған отаулары,
Жетелегім келеді ботаңды әлі.
Балалығым жүр ме екен мал көздеген —
Атасының артында жотаңдағы.
Арқалықтың көтерген тасы жатқан,
Жалпақ жұртта ақ сүйек, асық атқам.
Жар суына сол жұрттың шомылушы ек,
Болмаса да өзені тасып жатқан.
Арқан есіп жібектей созып қылдан,
Тері илейтін айраны божып тұрған.
Арқаға сап өсірген қайран әжем,
Жұдырықтай кезімде сөз ұқтырған.
Қойтастағы жұртынан көшті ме ауыл,
Еске ала ма біздерді есті бауыр.
Қалалық боп қайтпаған қара қызын,
Жат боп кетті ұмытып десті ме ауыл.
Осы ауылда қуыршақ құрастырып,
Хат таныдым мектепте гүл ашты үміт.
Арманымды ұштаған ана жұртым,
Аттандырдың өлкеге қыр асырып,
Он беске кеп осында марқаладым,
Тезек тердім, көкбегін арқаладым.
Қиса жаттап беруші ем үлкендерге,
Шіркін күндер келеді қайталағым.
Боталары ауылдың секілді едім,
Сүт тарысын ауылдың кекілдедім.
Жалаң аяқ, жалбыр шаш бала қызын,
Көрмеді әкем ұстаз боп жетілгенін.
Тіл алушы ем үлкеннің ұнап сөзі,
Зыр жүгіріп қайырдым лақ-қозы.
Басын қарап, инесін сабақтайтын,
Секілді едім апамның құлақ, көзі.
Сол күндегі сағынам қандайымды,
Шұрқыраған көп құрбы балдай үнді.
Тары түйсем келсапқа бойым жетпей,
Соғушы едім томпитып маңдайымды.
Қайран ауыл татырған бақыр дәмін,
Күнде ырғаққа қосады атыңды әнім.
Ұл-қызыңды оқытып жүрмес пе едім,
Неге қайт деп біреуің шақырмадың.
Білем көбі жоқ бүгін көкелердің,
Кейінгінің бәріне бөтен елмін.
Қайта айналып келмейсің қайран ғұмыр,
Сағынумен өзіңді өте бердім.