09.09.2022
  153


Автор: Қанипа Жапанқызы

Өмір философиясы

Мәңгілік шаттық несібе емес пендеге,
Өмірдің ащы-тұщысын жүрміз теңдене.
Жарқ етіп арман алауы бізді шырғалап,
Жетуге асық боламыз ылғи көмбеге.
Келе берсе, келе берсе деп шаттығың,
Кетпесе екен деп айналып бастан бақ күнім.
Үмітпен осы құлшынамыз кеп өмірге,
Талпына алға тартады бізді тәтті мұң.
Алдыңнан тартып арманның бұлаң шырғасын,
Шөлдерді кезіп асамыз жұтаң қыр басын.
Бейнетті ғұмыр үздірмейді бір күдерін,
Бастаймыз тағы қайшылық дейтін жыр басын.
Айланса азап рақаттың ләззәт балына,
Қылаң береді алдыдан арман тағы да.
Ащы да тәтті алмасқан мұңды жұтамыз,
Өмір дегенің осындай кезек мағына.
Осы бір махам құлдадың, талай өрледің,
Арманды қуып келеді ылғи өлмегің.
Алдануымыз сезілмес көзді жұмғанша,
Жылжиды ғұмыр, сынады бір күн шөлмегің.





Пікір жазу