Қарамайлыдан өткенде
Төтесінен жұңғарды басып келем,
Шабыт кернеп бойымды тасып келем.
Уа Қарамай, өзіңе шашу етіп,
Сенде туған жырымды шашып келем.
Осы өңірдің көргенде дөңестерін,
Еске аламын өткенгі елестерін.
Отыз жылдың алдында сортаң басқан,
Қу медиен иен дала емес пе едің.
Уа Қарамай, бұл күнде мұнайлығым,
Сәулетіңе ән тұнып, құлайды күн.
Туған жердің сен-дағы мақтанышы,
Сахарамның танытқан шұрайлығын.
Қандай әсем, Қарамай, түнгі шағың,
Асыр салған далаңда нұрлы сағым.
Барқыт түнде жымыңдап жұлдыздарың,
Электірің ашады гүл құшағын.
Күндізгідей жап-жарық тұр айнала,
Тегершіктер мөңкиді шыр айнала.
Өнеркәсіп барады алға көшіп,
Қан тамыры бәрінің мұнай ғана.
Тарихта ұлы істің ізі қанық,
Архивіне қалдырар тізіп алып.
Мен де аттандым бір түнеп, уа Қарамай!
Картасына жүректің сызып алып.