Поэмалар ✍️
Поэзия жорықтары
(толғау)
Поэзия – алып мұхит бұрқанған,
Толқынының төбесінде тұр талғам.
Сол толқынның екпінінен шабыт ап,
Ақындардың дәптеріне жыр тамған.
Поэзия – бейне алып тау еңселі,
Тасығанда сарқырайтын сең-селі.
Сол бір екпін келсе ақынға шабыт боп,
Жырға бөлеп тастайды екен кеңсені.
Поэзия – қыс, күз, жаз бен көктем ғой,
Әр маусымда талай жырды төккен ғой.
Табиғатқа тартқан ақын мінезі,
Толастап бір торыққан ба, шөккен бе ой.
Поэзия – домбыраның күмбірі,
Көмкерілген көк орманның гүл бүрі.
Тіршілікке тиянақ боп өрбіткен,
Поэзия-шүлен шуақ күн нұры.
Поэзия – жас жүректің дірілі,
Сол дірілден әуендейді жыр үні.
Жүректердің жүрісінен тулаған,
Тапқан әркім өзі сүйген піріні.
Поэзия – мөлдір көздің жанары,
Жанар шоғы жалын болып жанады.
Поэзия – иісі жұпар аңқыған,
Жадыраңқы жаздың жібек самалы.
Поэзия – жырдың асқақ ұраны,
Шарықтаған шабытты ойдың қыраны.
Мың толғатып, жүз ширығып босанған,
Ақындардың әлпештеген ұланы.
Поэзия – сезім серпін сынабы,
Қуанғанда көкке өрлеп шығады.
Қайғырғанда күйігіңе ортақ боп,
Көңіл орталап оныңдағы сынады.
Поэзия – жырдың айдарлы есімі,
Поэзия – күрделі ойдың шешімі.
Әлдилеген, әлпештеген өсірген,
Поэзия – бөбектердің бесігі.
Поэзия – сыры терең тұңғиық,
Жатады онда ай тұтылып, күн күйіп.
Сол айдынға көз тігіп ем үңіліп,
Жаралы ой жапырағын тұр қиып.
Поэзия – мол қазына қатпарлы,
Қиын заңғар жалама тас жақпарлы.
Ұлы Абай қалам сілтеп қиырға,
Қазынасын қабат ақтарды.
Поэзия домнадағы құрыш қой,
Поэзия – құт құйылған ырысты ой.
Тентектерді тезге салып түзетсе,
Жау дегенде жарқылдаған қылыш қой.
Талай-талай солқылдатқан шекені,
Елестетіп Байрон менен Гетені.
Поэзия - сұлулықтың сұңқары,
Көркемдік пен әсемдіктің мекені.
Поэзия - ер түлеткен ана ғой,
Ана десе бір бұлқынып қалады ой.
Еске алсақ алыптығын ананың,
Шымырлайды, биіктейді санада ой.
Поэзия - атыздағы егістік,
Жыр жолында дән өсірген тегіс қып.
Жер бетінің өрнегіне бояулы,
Көк жүзінен күлімдейді кеңістік.
Поэзия - кейде қиын жұмбақ қой,
Табамын деп талай-талай түн қатты ой.
Бірде жарқын, бірде тылсым түйіншек,
Бірде өзін көрсетеді сұңғақ бой.
Поэзия - лақылдаған дарқандық,
Жараспайды мысық мінез, тарпаңдық.
Поэзия - өткір қанжар, өктем оқ,
Талай адам қару еткен қалқан қып.
Өмір көгін қалқып соны жыр қылған,
Бұратылған нәзік биден гүл буған.
Поэзия - салтанатты ұлы той,
Құрып жатқан күнде қызық жыр-думан.
Көк жайлауда мамырлаған түлігім,
Беретұғын әр адамға гұл ұғым.
Соның бәрі меруерттей тізілер,
Созса егер поэзия құрығын.
Сыпайылық, әдептілік моральге,
Сән-салтанат, сымбат қоспай тұрар ма?!
Асыл мұрат, асыл арман, арналы ой,
Поэзия – соны меңзеп тұр алда.