meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  09.09.2022
  153


Автор: Шәмшабану Қамзақызы

Ғасыр толғауы

Көкте құстар көшті тырна тыраулап,
Жерге қысқы мезгіл келді қыраулап.
Жылдар жылжып жаңаланды бір ғасыр,
Түскендей-ақ жотасымен бір аунап.
Мен де келдім басып ғасыр жартысын,
Басқан іздің алды заңғар, арты шың.
Қайғы да өтті, бақыт та өтті бұл бастан,
Тарихтың талай көрдік талқысын.
Зарыққан қарт секілденіп аумаған,
Бір кездері қасырет шекті тау-далам.
Оқтын-оқтын еңіреген көз жасы,
Бұлттарының бауырынан саулаған.
Мейірімге шөлдегенде қаталап,
Өксіп жүріп жедік талай шапалақ.
Ғашықтар да мұратына жете алмай,
Қыршынынан қиылды ғой махаббат.
Бағы қайтып, ырыс кейін шалқалап,
Бұл өмірден көре алмай еш мархабат.
Талай жандар толарсақтан сор кешіп,
О дүниеге аттанды арман арқалап.
Өтті-ау дүние ойпыл-тойпыл бір заман.
Теңіз толқып тегершіктер зырлаған.
Бәрінің де ақ сұңқары ақын ғой,
Әр дәуірді әнге қосып жырлаған.
Өтті осылай заманалар ауысып,
Тоғысында ғасырлар бір қауышып.
Жаңа ғасыр құшақ жайды алдыдан,
Ескі ғасыр сапар жолын тауысып.


Дауыл тұрды дарқан дала сілкінді,
Тау мен өзен ішін тартып бір тынды.
Жаңа дүние жарқыратып маңдайын,
Ескі дүние естен кетіп қылқынды.
Сырып тастап қараңғылық көрпесін,
Таң сәулесі аймалады жер төсін.
Азаттықтың алты арай шуағы,
Нұрландырды ұлы жұңхуа өлкесін.
Елмен бірге етек-жеңді жидым мен,
Азат болып от басынан-күйбіңнен.
Алақанға ап әлпештеген заманды,
Анашымдай еміреніп сүйдім мен.
Жылап жатқан жүрегімді уатқан,
Нәр алдым мен сол мейірлі шуақтан.
Қанаттанып көтерілдім қиянға,
Шабыт алып дәуір берген қуаттан.
Тәй-тәй басып мәртебеміз өрледі,
Дей алмаймын еш қиындық көрмеді.
Әйел ғалым, әйел көсем, жазушы,
Қадырлы адам болып отыр төрдегі.
Бөлгендей-ақ ғасыр менен араны,
Аударылды тарихтың бір парағы.
Өткен ғасыр табысы мол, жүгі ауыр,
Музей жаққа қайқалақтап барады.
Қош бол, қош бол, менің өткен ғасырым,
Өзіңе тән бойымдағы асылым.
Атом менен электрон мұра боп,
Бұл дәуірге сенен қалған бас ұғым.
Жаңа ғасыр шықты алдымнан қырынып,
Танытқандай өн бойынан жылылық.


Алтын сарай қол бұлғайды алыста,
Күллі адамзат тұр осыны ұғынып.
Жаңа ғасыр құшақ ашып келеді,
Бергенінен көп шығар-ау берері.
Талабы зор, талғар биік талғамы,
Елге үлкен сын оның алтын елегі.
Болашаққа көз салсам мен бұрылып,
Талабына тәнтті болам құнығып.
Жаңа ғасыр маягінен нұр алып,
Аршындайды алаулаған бір үміт.





Пікір жазу