09.09.2022
  97


Автор: Ұлыхан Сұлтанқызы

Қ...ға

Үрімжіден қайтарда,
Уылжыған қыз едің.
Мұқалмапсың ой тауба,
Ақ алмастың жүзі едің.
Сол сымбатты баяғы,
Мүсініндей маралдың.
Кездестірдім аяулы,
Жағасында аралдың.
Көктем бе әлде күз деймін,
Сен дей алмай Сіз деймін.
Жанарымды үзбеймін,
Таныс бейне іздеймін.
Туған жерге жайдың ба?
Ықыласын жүректің.
Қуаныш па, қайғың ба?
Үніңде бар бір екпін.
Бұлдырайды шар айна,
Мұң ба, әлде сұрау ма?
Қонақтаған самайға,
Тұман ба, әлде қырау ма?


Самалы үрлеп Сауырдың,
Көшті ме әлде таңдай құм.
Ізі ме, ай, жыл дәуірдің,
Сызықтары маңдайдың.
Сыбырлаған құрақ па,
Әлде сенің сырың ба?
Сыңғырлаған бұлақ па,
Ақтарылған жырың ба?
Ақтарылса екпін жыр,
Таң сызылып атқандай.
Сезінуші ем көк бурыл,
Ертіс тулап жатқандай.
Қолда қолдың табы тұр,
Бөтенсуге қимаймын.
Таңдайымда дәмі тұр,
Бөліп жеген бидайдың.
Шөліркеген жанымды,
Желпіндіріп тасташы.
Қуалатшы сағымды,
Сан қиырға басташы.
Аралатшы даланы,
Аралатшы тау басын.
Аралатшы қаланы
Генералдың ауласын.





Пікір жазу