09.09.2022
98
Мекенім
Күн шуаққа қақталып,
Өтінде ойнап боранның.
Алыстап сенен аттанып,
Сағына қайта оралдым.
Құтты мекен баяғы,
Ақ ордамыз алтын тау.
Маған құшақ жаяды,
Айдыны Қанас осынау.
Белгісі ме ызғардың,
Сауырдағы таңдай құм.
Іздері ме жылдардың,
Жолдары ма өлеңнің.
Жағасы ма Қыранның,
Түйе өркештің бауры ма.
Келіп қалдым қайранмын,
Алыптар туған аулыма.
Елестеген көзіме,
Бәлкім, жастық шағым ба.
Қанасымның өзі ме,
Әлде ойнаған сағым ба.
Тұнығы ма, Қыранның,
Кезеңге шығып көрген көп.
Қайта оралды жыр-әнім,
Көз алдыма көлбеңдеп.
Таныс мекен, таныс үн,
Таныс толқын баяғы.
Сағынған сол ән үшін,
Туған жер құшақ жаяды.
Айрылмаймын өзіңнен,
Асыл мекен туған жер.
Мейірге толы сезіммен,
Аймала мені ақыл бер.
Жүрмейін заулап далада,
Ұмытсаң да кешірем.
Орын берші балаңа,
Ас жаулықтың шетінен.