09.09.2022
  112


Автор: Ұлыхан Сұлтанқызы

Алтайдағы ойлар

Сәлем, Алтай!
Сәлем, Алтай, құт мекенім ырысты,
Асты қазына, гүл жамылған жер үсті.
Мойынына алтын алқа тағынып,
Жамылыпты жасыл ала пүлішті.
Туған жерсіз мен ешкімге мақтанбан,
Жетелейді одан туған тәтті арман.
Қызыл қайың жайса дарқан құшағын,
Ақ еділ жыр естіледі ақ талдан.
Желбіресе көк орманның желегі,
Жарқырайды сағымдалған белеңі.
Кешегі өткен бабалардай ақ басты,
Шыңдарыңа тағзым еткім келеді.
Тәңір тауы, Алтай тауы етегін,
Мекен еткен жылдар бойы неше мың.
Қазағымның қазыналы бесігі,
Бәрі өз жерім, бәрі өзімнің мекенім.
Кем көрмеймін Алтай ақ шаш анамнан,
Мен де оның топырағынан жаралғам.
Ой мен санам тастарыңнан қаланған,
Сенен туған бойымдағы бар арман.


Тентек, Қыран, жағаңда өскен гүліңмін,
Қыз болсам да ұлдарыңдай шымырмын.
Кей ақындай ауыз шайқап түкірмей,
Каусарыңды мейірлене сімірдім.
Самғап өтіп, байтақ дала төсінен,
Алабыңда еркін басып көсілем.
Шұбат ішем, бал бауырсақ, май жеймін,
Аяулы әже өзі ұсынған несібем.
Терем заңғар шыңдарының гүлін де,
Жамыламын бұталардың түбін де.
Адырыңдай маңдайға әжім түссе де,
Мен сәбимін анашыма бүгін де.
Алтай, мені бауырыңа тартасың,
Маған қымбат әр ағашың, әр тасың.
Көрсін әлем көркемдіктің өрнегін,
Сыза берші болашақтың картасын.





Пікір жазу