09.09.2022
  98


Автор: Ұлыхан Сұлтанқызы

Әлде адасып келіп қалған жоқпын ба...

Әлде адасып келіп қалған жоқпын ба,
Еріксіз бір құйын болып соқтым ба?
Жатырқаулы тігіледі жанарлар,
Сағындырған көне көздер жоқ мұнда.
Тыңдағаным жаттанды сөз тамамға:
«Бала-шаға, асыл жеңге аман ба?».
Орталанып қалыпты ғой әке орны,
Жұрты ғана осы орында қалған ба?
Рас, артық не сый керек маған да,
Әзірленіп жатыр әне тағам да.
Кеп-кешегі ерке қызы осы үйдің,
Айналыпты сыйлы қонақ адамға.
Ай туды әне имегіндей орақтың,
- Әумиін!


- Қалқам, мен батаға олақпын.
Аяулы әке, асыл ана жоқ мұнда,
Ал күт, келін, енді саған қонақпын.
Мың аралап келсем-дағы жер түбін,
Баяғыдан басылса да серпінім.
Ат айналып табады екен қазығын,
Әлі маған ыстық екен төркінім.





Пікір жазу